Біз облыстың соңғы бес жылдағы статистикасын сұраттық
Жылда Қазақстандағы көктемгі су тасқынынан ауыр зардаптармен шығатын біраз аймақ бар болса, соның бірі – Ақмола облысы. Облыс су тасқыны қатты болатын Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарының «ортасында» тұрған соң, тасқын су төтесінен келеді. Ең өкініштісі, әзірге біздің әкімдіктер су тасқынының алдын алудан гөрі оның ауыр салдарларымен күресіп әлекке түседі. Біз осы облыс соңғы бес жылдағы көктемгі су тасқынынан қандай сабақ алғанын және соңғы бес жылдағы су тасқыны облыстың әлеуметтік инфрақұрылымына қандай «соққы» жасағанын білу үшін облыс әкімдігіне ресми сауал жолдаған едік, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сонымен, біз ең алдымен әкімдікке «2020 жылдан 2025 жыл аралығында Ақмола облысының әкімдігі аймақтағы су тасқынымен күреске неше теңге қаржы бөлді?» деген сауал жолдаған едік. Бұл сұраққа әкімнің орынбасары Ернар Жаркешев қысқа жауап берген.
«Демеу Қазақстан» қорынан 18 млрд қаражат бөлінген. Қазіргі таңда (осы ақшаға – ред.) 56 шақырым Жабай, Қалқұтан, Есіл, Нұра, Шағалалы өзендерінің арнасы тереңдетіліп кеңейтілген. 17 гидротехникалық құрылыс нығайтылып, жөнделді. Бұл 100 млн текше метр тасқын суды қауіпсіз өткіздіреді. Осының арқасында 70 елдімекеннің су басу қаупі жойылды. Қалған елдімекендерде қауіп төмендеді», - деп жазған ол өз жауабында.
Облыс әкімінің орынбасары берген мәліметке сүйенсек, 2020-2025 жылдар аралығында Ақмола облысында су тасқынынан адам шығыны тіркелмеген. Алайда 2024 жылы 100-ден астам үй жануары қырылған.
Ал, 2025 жылы сәуірде жол талғамайтын көлігімен жолдың су басқан учаскесіне шығып, артынша қаза тапқан жүргізушіні әкімдік «су тасқынының құрбаны» деп санамайды.
«2025 жылы Ақмола облысы аумағында посттағы полиция қызметкерлерінің ескертуін елемей, көлігімен суға батып қаза болған азаматты су тасқыны құрбаны деп санауға болмайды. Себебі: аталған жағдай азаматтың көлікті басқару кезінде орын алып отыр», - деп хабарлайды әкімдік.
Бізді мазалаған басты сұрақтың бірі – су тасқыны облыстың әлеуметтік инфрақұрылымына қандай зиян тигізгені еді. Яғни, су тасқыны кезінде неше адамның баспанасы бүлініп, оның орнына неше адам жаңа баспанаға көшкенін сұрадық. Дереккөзге сүйенсек, осы бес жыл ішінде Ақмола облысында мыңға жуық баспана бүлінген екен.
«Осы 5 жыл аралығында облысымызда 948 тұрғын үй зардап шекті. Оның ішінде 339 үй жөнделді. 364 тұрғын үйдің орнына түрлі қаражат көздерінен жаңа баспаналар сатып алынды. 245 пәтерлі 3 көпқабатты тұрғын үй салынып, тұрғындар толықтай сол үйлерге көшті. Осы 5 жыл ішінде облысымыздың әр қала және аудандарынан жалпы саны 948 жанұя су тасқынынан зардап шегіп, тиісті көмек алды», - деп жазған әкімнің орынбасары.
Жаркешовтің мәліметіне сүйенсек, Ақмола облысы су тасқынының алдын алу үшін биыл былтырғы жылға қарағанда 1,5 есе көп қаражат бөлген көрінеді. Бірақ, әкімнің орынбасары оның сомасын нақты айтпаған. Ал, жылда су тасқыны қатты болатын Макинск елді мекенінде әкімдік бетоннан арық салған көрінеді.
«Макинск қаласында өткен жылдары ауа райының күрт жылынуына байланысты дала суы мен қала ішіндегі қардың тез еруінен қауіпті жағдай орын алды. Қазір су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында 1 шақырымнан астам бетоннан жасалған арық-каналдар салынды. Оған қоса еріген суды қауіпсіз бұру үшін 100-ден астам су өткізетін құбырлар орнатылды. Дала суын қауіпсіз өткізу үшін Аудандық электр станциясы аумағында шлюздері бар қорғаныс бөгеті салынды. Осы кешенді іс-шаралар аясында еріген суды қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді», - деп жауап берген әкімдік.
Жалпы, Ақмола облысының елді мекендерінен жалпы көлемі 1,5 млн текше метр қар күрелген. Қар тазалау үшін бюджеттен бөлек, бизнес те ақша берген екен. Сондай-ақ, көктемгі су тасқынының алдын алып, салдарын жою үшін қала және аудан әкімдіктерінен жалпы саны 2,5 мың адам, 1 мыңнан аса бірлік техника, 400 мотопомпа және 37 жүзу құралдары дайындалған.