«Бір сөмке алтынды да бере салар еді»: Ақтөбе тұрғыны алаяқтарға оңбай алданып, 10 млн теңгесін аудара жаздаған (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Оны техника сататын дүкеннің  сатушысы байқап қалған

Фото: скриншот

Ақтөбедегі техника сататын дүкеннің сатушысы алаяқтардың нұсқауымен оларға 10 млн теңгесін аударып жібере жаздаған жігітке көмектесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, сатушы әуел баста ол жігітті дүкенге келген қонақ деп ойлаған. Бірақ, дегбірі қашқан жігіт үнемі телефонмен сөйлесіп, күдік тудыра сөйлескен.

«Сатушы жігіт ол азаматқа әлдекімдер телефон арқылы бұйрық беріп жатқанын түсінген. Сондықтан, жанына барып, мән-жайды сұрай бастаған. Сатушы бекер күдіктенбеген екен: жас жігітке шынымен алаяқтар телефон арқылы бұйрық беріп, шотындағы бүкіл ақшасын аудартып жатыр екен. Сатушы жігіт келгенше ол алаяқтарға 800 мың теңгесін аударып үлгеріпті. Оның үстіне, жігіт сөмкесіне ата-анасының алтындарын да салып алған. Енді болмағанда ол алтындарын ломбардқа тапсырып, оның да ақшасын алаяқтарға аударатын еді», - деп хабарлайды полиция.

Сатушы жігіт бірден полицияға телефон соғып, жігіттің ұялы телефонын сөндіріп тастаған. Осылайша, қарапайым сатушы бір отбасының 9,2 млн теңгесін сақтап қалған.