Жақын арада Таяу Шығыстан тағы қанша қазақстандық елге оралады

Автор: Нұргүл Абай

Эвакуация басталғалы бері 8,5 мыңнан астам отандасымыз елге қайтқан

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан отандастарымызды елге қайтару жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, ведомство қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін салып жатыр және кез келген жағдайда жан-жақты қолдау көрсетуде.

«Қазіргі уақытқа дейін Қазақстан азаматтарының арасында зардап шеккендер немесе қаза болғандар туралы ақпарат түскен жоқ. Эвакуация басталғалы бері уәкілетті мемлекеттік органдардың резидент және резидент емес әуе компанияларының көмегімен 8 585 қазақстандық елге қайтарылды. Алдағы күндері Израильден — 78 адам, Қатардан — шамамен 350, Біріккен Араб Әмірліктерінен — шамамен 550, Сауд Арабиясынан 300 адамды эвакуациялау жоспарланып отыр. Көрсетілген деректер өзгеруі мүмкін», - деді ол брифингте.

Айтуынша, әуе рейстерінен бөлек, азаматтар қақтығыс аймағынан жерүсті жолдары арқылы да шығарылып жатыр.

«Атап айтқанда, Әзербайжан, Армения және Түрікменстанның құрлықтағы шекаралары арқылы эвакуациялау жүріп жатыр. Ираннан барлығы 66 адам елге қайтарылды. Азаматтарымыздың қауіпсіз түрде елге оралу мәселесі мемлекет үшін басымдық болып қала береді», - деді Жетібаев.