Лариса ұлына Эмин деген есім берген
Теміртау қаласында тұратын 48 жастағы Лариса Кузнецова бірнеше күн бұрын 13-баласын босанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
№1 облыстық клиникалық аурухананың №1 перинаталды орталығының мәліметіне сүйенсек, Лариса 2 наурыз күні аман-есен босанған. Бойы 54 см, салмағы 3650 грамм болған бүлдіршініне Лариса Эмин деп ат қойған.
«Кіп-кішкентай Эмин Лариса мен жолдасының тоғызыншы ұлы, жалпы, 13-ші баласы. Ларисаның ең үлкен қызы 25 жаста», - деп хабарлайды аурухана басшылығы.
Ларисаның өзі болса денсаулығы жақсы екенін айтып, өзін аман-есен босандырған дәрігерлерге алғыс білдірген.
«Өзім көпбалалы отбасында туып-өстім. Сондықтан, көпбалалы болу мен үшін таңқыс дүние емес. Ал, жолдасым үйінің жалғыз ұлы, дегенмен, ол да баламыздың көп екеніне үйренді. Және бұл ұлымыздың дүниеге келгеніне қатты қуанышты. Үлкен қызым 25 жаста. Балаларымның бәрі мемлекеттік мектепте, соның ішінде, музыкалық мектепте білім алады. Біз әр баламыздың бойындағы талантын ашып, оларды нағыз азамат етіп тәрбиелегіміз келеді», - дейді Лариса.