Оқу-ағарту министрлігі енді «бұзық» оқушыларды жеке-жеке бақылауға алады

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы министрліктің сайтында хабарланған

Фото: жасанды интеллект, коллаж

Қазақстандағы мектептерде «ерекше педагогикалық назарды» қажет ететін балалар енді ерекше сүйемелденеді. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтында жарияланған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Еліміздің барлық мектептерінде ерекше педагогикалық назарды қажет ететін кәмелетке толмағандарға жеке педагогикалық сүйемелдеу енеді. Министрлік олардың тізімін бекіткен.

«Ерекше педагогикалық назарды қажет ететін балалар санатына оқуында қиындықтары бар, сабақтарды себепсіз жүйелі түрде қалдыратын, қоғамға жат мінез-құлық танытатын, құқық бұзушылық жасаған, зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушылар жатады», - деп хабарлайды министрліктің сайты.

Бұл жаңашылдық 2026 жылдың 2 наурызынан бастап күшіне енген.

«Сүйемелдеу аясында педагогтар мен мектеп психологтары баламен жеке жұмыс жүргізеді, ата-аналармен өзара іс-қимыл қамтамасыз етеді, қажет болған жағдайда әлеуметтік қызметтер тартылады. Бұл шараның мақсаты - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және балаларға дер кезінде көмек көрсету», - деп хабарлайды министрлік.