Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады
Қазақстандағы мұғалімдер жалақысына толық қанағаттанады деуге болады. Оқу-ағарту министрлігінің ресми ақпаратына сүйенсек, жалақыға қанағаттану деңгейі бойынша Қазақстанның мұғалімдері әлем бойынша бесінші орында тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында халықаралық TALIS-2024 зерттеуінің қорытындысы жария болған.
«Қазақстан мұғалімдердің жалақыға қанағаттану деңгейі бойынша әлемдегі үздік бес елдің қатарына енді. 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 39% болса, 2024 жылы 71% жетті. Бүгінде еліміздегі педагогтердің 95% өз жұмысына көңілі толатынын мәлімдеген», - деп жазады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, министрліктің ресми мәліметіне сүйенсек, қазір мұғалімдердің апталық жүктемесі 50 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқарып, демалыс уақыты 56 күнге ұзарған. Соңғы жылдары мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есе, балабақша тәрбиешілерінің еңбекақысы 30% көбейген.