«WhatsApp-та жауап беруге міндетті емес»: Аймағамбетов жаңа заң мұғалімдерді қалай қорғайтынын айтты

Автор: Нұргүл Абай

Ұстаз балаға мектеп аумағында болған уақытта ғана жауапты болады

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің құқығын қорғайтын жаңа заң жобасының басты нормаларын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, педагог мәртебесіне қатысты басты мәселе – мұғалімдердің жауапкершілік шегін нақты айқындау.

«Жазғы демалыс кезінде, жалпы каникул уақытында және түнгі мезгілде мұғалімдер балалар үшін жауап бермеуі тиіс. Өйткені баланың ата-анасы бар, қажет болған жағдайда полиция бар. Кейбір өңірлерде оқушылар кешкі уақытта құқықбұзушылық жасағаны үшін мұғалімді жұмыстан шығарған. Сондай-ақ кей жерлерде педагогтерді еңбек демалысы кезінде өзен-көлдерді күзетуге тарту фактілері кездескен. Бұл дұрыс емес. Сондықтан біз заңда мұғалім бала үшін оқу процесі кезінде, яғни сабақ үстінде және мектеп аумағында болған уақытта ғана жауап береді деп нақты көрсетуді ұсынып отырмыз. Ал жазғы демалыс кезінде, каникулда немесе түнгі уақытта жауапкершілік ата-анасына жүктелуі керек», - деді Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында.

Екінші мәселе – ұстаздарды кәсіби қызметіне кірмейтін шаруаларға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу.

«Мұғалімдерді өз құзыретіне кірмейтін жұмыстарға тарту, негізсіз есеп талап ету, сенбіліктерге қатыстыру сияқты жағдайлар үшін қазір тек ескерту қарастырылған, нақты айыппұл жоқ. Біздің ұсынысымыз – ескерту емес, белгілі бір мөлшерде болса да әкімшілік айыппұл енгізу. Егер мектеп директоры міндеттесе, жауапқа сол тартылады. Егер шешімді білім басқармасы немесе басқа мемлекеттік орган қабылдаса, онда сол органның лауазымды тұлғалары жауап береді. Яғни бұл норма қарапайым азаматтарға емес, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға қатысты», - деп түсіндірді мәжілісмен.

Үшінші мәселе – мұғалімдерді WhatsApp-тағы чаттарда жауап беруден босату.

«Бұл проблема пандемия кезінде күшейді, сол уақытта ол тығырықтан шығудың бір жолы болған еді. Алайда бүгінде қалыпты жағдайға айналып, шамадан тыс жүктемеге әкелді деуге болады. Кейде бір баланың өзіне 10-15 чат ашылады. Мұғалім үшін сабақтан кейін олардың барлығына жауап беру өте қиын, өйткені оның да отбасы мен жеке уақыты бар. Сондықтан педагог ресми бекітілмеген платформаларда жауап беруге міндетті болмауы тиіс», - дейді Аймағамбетов.

Депутаттың пікірінше, мұғалімдер тек ресми бекітілген платформалар арқылы байланыс жасауы керек. Мысалы, электрондық күнделік жүйелері, ресми білім беру платформалары немесе электрондық пошта.

Аймағамбетовтің айтуынша, шет елдерде ата-ана баласын оқытқан мұғалімнің телефон нөмірін білмеуі мүмкін, алайда әлгі педагогпен ресми байланыс арналары арқылы кері байланыс орнатады.

«Сондықтан біз де осы мәселені біріздендіріп, нақты тәртіпке келтіруіміз қажет», - деп түйіндеді сөзін депутат.

Айта кетері, тиісті заң жобасын Мәжіліс депутаттары алдағы уақытта жан-жақты талқылап, жалпы отырыста қарайды.