Қазақстанда ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің мәртебесі заң жүзінде күшейді

Автор: Нұргүл Абай

Дарынды оқушылар мемлекеттік университеттердің зертханаларын тегін пайдалана алады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Парламент Мәжілісі ғылым мәселелері бойынша ғылыми-техникалық қызметті жетілдіруге бағытталған түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Енді ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің мәртебесі нақты заңмен айқындалады. Яғни, олардың құқықтары мен бостандықтары қорғалады, академиялық еркіндікке кепілдік беріледі, зерттеу тақырыбын өздері таңдауға мүмкіндік болады және шығармашылық еркіндігі сақталады.

Ұжымдық пайдалануға арналған ғылыми зертханалар инфрақұрылымына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету тетігі бекітіледі. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыс аясында сатып алынған ғылыми жабдықтарды барлық ғылыми қызметкердің пайдалануына мүмкіндік беретін механизм енгізіледі.

Түзетулер аясында пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысатын, ұлттық құрама құрамына енген, ғылыммен айналысатын дарынды оқушылар да мемлекеттік университеттердің зертханаларын тегін пайдалану құқығына ие болады.

Ғылыми жобаларды тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін оларды іске асыру мерзімі келісімшарт жасалған күннен бастап күнтізбелік жоспарға сәйкес барлық іс-шара толық орындалғанға дейін белгіленеді. Сонымен қатар ғылыми қызметті қаржыландыру тәртібі жетілдіріледі.