«Мен 13 мамырда туғанмын»: Жетісуда жас келіншек полиция басшысымен соттасып, жеңіп шықты

Автор: Бақыт Шынар

Оның жеке сәйкесендіру нөміріндегі қатесінен бола ол зейнетақы жарнасынан да қағылып отырған

Фото: Azattyq Rýhy

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 1991 жылы туған келіншектің «Жетісу облысы Полиция департаментінің Қаратал аудандық полиция бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, аудандық полиция бөлімінің бастығына және Жетісу облысының Полиция департаменті мемлекеттік мекемесіне қатысты арызын қарап, оның құқығын қорғады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Әйел бұл мекеме басшыларынан жеке куәлігіндегі жеке сәйкестендіру нөмірін түзетіп беруді сұраған. Алайда, олар бұл мүмкін емес екенін айтып, бас тартқан. Бірақ, жеке сәйкестендіру нөміріндегі қатесінен бола әйелдің салығы мен зейнетақы жарнасы өз атына түспей, «ауада» қалған. Сондықтан, келіншек сотқа келіп, мекеме басшыларын ЖСН-дегі қатені түзетуге міндеттеуді сұраған.

«Туу туралы куәлікке және неке қию туралы куәлікке сәйкес талап қоюшы 1991 жылғы 13 мамырда туған. Алайда, оның жеке куәлігінде туған күніне сәйкес келмейтін ЖСН жазылған. «Сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысының 2, 3-тармақтарына сәйкес, ЖСН 12 саннан тұрады, оның алғашқы 6 саны жеке тұлғаның туған жылын, айын және күнін қамтиды. Алайда, талап қоюшының жеке куәлігіндегі ЖСН-нің үшінші екі саны, яғни туған күні 13-тің орнына 31 деп жазылып кеткен, бұл заңмен белгіленген алгоритм талаптарына және талап қоюшының туу туралы куәлігіне сәйкес келмейді», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Айтып өткеніміздей, талап қоюшының жұмыс орнында жалақы есептеудің жаңа жүйесі енген кезде ЖСН сәйкессіздігі анықталған, соның салдарынан зейнетақы жарналарын, салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді аудару мүмкін болмаған.

«Сот талқылауы барысында талап қоюшының туған күні - 1991 жылғы 13 мамыр - ресми құжаттармен расталғаны, ал ЖСН құрылымы жеке тұлғаның туған күніне сәйкес келуге тиіс екені анықталды. Сот сондай-ақ, талап қоюшының өтініші бойынша жауапкер тиісті әкімшілік акт қабылдамағанын, ал бас тарту анықтама түрінде рәсімделгенін, бұл әкімшілік рәсімдік-процестік заңнама талаптарына сәйкес келмейтінін белгіледі. Осылайша, сот полиция бөліміне талап қоюшының жеке сәйкестендіру нөмірін оның туған күніне, яғни 1991 жылғы 13 мамырға сәйкестендіру туралы міндет жүктеді», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.