Түркістандағы жатақхана әкімшілігі қыз студенттерге ұлдардың бөлмесін тазалатпақ болған (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Қыздар қарсылық танытып, видео түсірген және оны әлеуметтік желіге салған

Фото: скриншот

Түркістандағы көпбейінді индустриалды-техникалық колледждің жатақханасында жұмыс істейтін қызметкерлер қыз балаларға ұлдардың бөлмесін жинатпақ болған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Студент қыздар бұған қарсылық танытып, тек өз бөлмелерін жинайтынын, ал ұл студенттердің бөлмесін тазалай алмайтынын айтқан. Видеодағы қызметкерлерге бұл жауап ұнамаса керек, олар қыз балаларға ашуланып, айқайға басқан. Желідегі видео көп таралып, халық қыздарды қолдаған. Яғни, көпшіліктің пікірінше, әр студент тек өз бөлмесінің ғана тазалығы үшін жауап береді.

Біз осы мәселеге қатысты Түркістан облысының білім басқармасынан комментарий сұраттық. Басқарманың баспасөз қызметі қазір осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылғаны, комиссия мүшелері мәселені тексере келе мынаны анықтағанын айтты:

«Колледжде қазір 1072 студент білім алады, оның 80-і жатақханамен қамтылған. 2026 жылғы 23-25 ақпан күндері облыстық спартакиада өтеді. Соған байланысты, спартакиадаға қатысатын жастар осы колледждің жатақханасына жатады. Осыған орай тәрбиеші мен вахта қызметкерлері студенттерге ауызша түрде ұсыныс білдірген. Жатақханада студент жігіттердің уақытша болмауына байланысты қыздардан бос бөлмелерде тазалыққа көмек көрсету сұралған. Алайда кейбір студенттердің бас тартуына байланысты түсініспеушілік орын алған», - деп сендірді облыстық білім басқармасы.

Білім басқармасының қкілдері студенттердің құқықтарын ешкім бұзбайды және қауіпсіздігі басты назарда болады дейді.

«Ішкі тәртіп талаптарын күшейту және осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында қосымша шаралар қабылданды. Жауаптыларға қатысты заңға сәйкес тиісті шешім қабылданады», - деп хабарлайды білім басқармасының баспасөз қызметі.