ҰЭМ мемлекеттік ұйымдардағы 6 айдан бері бос тұрған қызметтерді қысқартады

Автор: Нұргүл Абай

Министрлік осылайша бюджет қаражатын тиімді пайдалануды көздеп отыр

Фото: istockphoto.com

Ұлттық экономика министрлігі ведомствоға бағынысты ұйымдарда 6 айдан бері бос тұрған штат бірліктерін қысқарту туралы бұйрықты бекітті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Яғни, қағаз жүзінде бар, бірақ жарты жылдан бері бос тұрған қызметтер қысқартылады. Тиісінше, еңбекақы төлеу қоры да түзетіледі.

Бірақ бұл ереже мына лауазымдарға қатысты қолданылмайды:

  • бірінші басшылар,
  • маусымдық қызметкерлер,
  • ядролық физика, жоғары технологиялық жабдықтар бойынша немесе сирек кездесетін инженерлік маман сияқты бірегей өндірістік және жоғары мамандандырылған қызметкерлердің лауазымдары,
  • еңбек заңына сай сақталуы тиіс орындар.

«Өзгерістер кезінде ұйымдардың даму жоспарына түзетулер енгізудің тәртібі белгіленді. Ұзақ уақыттан бері жарияланған бос жұмыс орны анықталған кезде, атқарушы орган бос жұмыс орнын қысқарту мен еңбекақы төлеу қоры туралы мәліметті қосқанда, ұсынылған өзгерісті негіздей отырып, нақтыланған даму жоспарын ұсынуға міндетті. Нақтыланған жоспарды қарау мен бекіту белгіленген мерзімде, биыл 25 маусым мен 25 желтоқсаннан кешіктірілмей жүзеге асырылады», - делінген ҰЭМ хабарламасында.

Сондай-ақ есеп беруге қойылатын талап та нақтыланды: ұйымдар персонал мен еңбекақы төлеу қоры туралы мәліметті, соның ішінде бос штат бірлігін қысқарту туралы деректі көрсетеді.

Бұл шаралар кадр жұмысын ашық жүргізуге, бюджет ақшасын тиімді жұмсауға және мемлекеттік ұйымдарда тәртіпті күшейтуге бағытталған.