Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы хабарлады
2026 жылдың басынан бастап әуе компаниялары әуе билетіндегі адамның аты-жөнінен кететін қатені ақысыз түзеп береді. Бірақ, екі әріптен көп қате кетсе, бұл тәртіп қолданылмайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас көлік прокуратурасы хабарлағандай, бұрын әуе компаниялары билеттегі елеусіз қателер үшін азаматтардан айыппұл алып келген.
«Азаматтардың өтініштерін талдау барысында әуе билеттерін рәсімдеу кезінде тегінде, есімінде және әкесінің атында кеткен елеусіз қателер үшін көп айыппұлдар салынғаны анықталды. 2025 жылы «Qazaq Air» АҚ (қазіргі Vietjet Qazaqstan) әуе компаниясы 3 815 жолаушының деректерін түзеткен, олардың басым бөлігі — екі әріпке дейінгі қателер», - деп хабарлайды Бас көлік прокуратурасы.
Дереккөзге сүйенсек, Астана қаласының авиациялық көлік прокуратурасы осы мәселе бойынша әуе компаниясының басшылығымен кездескен.
«Кездесу қорытындысы бойынша 2026 жылдың басынан бастап аты-жөніндегі екі әріпке дейінгі қателерді тегін түзетудің жаңа тәртібі енді», - деп хабарлайды Бас көлік прокуратурасы.