«Тіпті 5-6 сынып оқушылары шеше алмайтын есепті біледі»: Қазығұртта төрт жасар «wunderkind» бала тұрады

Автор: Бақыт Шынар

Әли Адамбек күнде түнде ертегінің орнына, көбейту кестесін сұрайды екен

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Түркістан облысының әкімдігі Қазығұрт қаласында тұратын төрт жасар Әли Адамбектің ерекше қасиеті туралы ақпарат таратты, деп жазады Azattyq Rýhy.

Әкімдіктің ресми сайтындағы мәліметк есүйкенсек, Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Алтынтөбе ауылында тұратын небәрі 4 жастағы Әли Адамбек екі таңбалы, тіпті үш таңбалы сандарды ойша есептеп, сандарды еркін көбейтеді. Әрі есептің жауабын ағылшын тілінде айтатын көрінеді.

«Әлидің зеректігі сондай, балабақша тәрбиешілері «үйретеріміз қалмады» деп, оны мектепке жіберген. Бүгінде ол дайындық сыныбында оқығанымен, логикалық деңгейі жоғарғы сынып оқушыларымен тең. «Алтынтөбе» орта мектебінің мұғалімі Әлия Миятбекованың айтуынша, Әли тіпті 5-6 сынып оқушылары шеше алмайтын күрделі есептерді олардан бұрын шығарып, көпшілікті қайран қалдырып жүр», - деп жазған Түркістан облысының әкімдігі.

Әлидің анасы Нұргүл Мырзағали «басқа балалар мультфильм көрсе, Әли ағылшын тіліндегі математикалық контенттерді қызығып тамашалайды. Ұйықтар алдында ертегі тыңдаудың орнына, жарты сағат бойы есеп шығарып, көбейту кестесін айтуды өтінеді» дейді.