Азаматтардың өтініші бір апта ішінде қаралады
Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар енді әлеуметтік көмек алу үшін eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Электронды үкіметтің ақпаратынша, мәслихаттардың шешімімен қосымша қолдауға мұқтаж азаматтарға, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратындарға, өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын егде жастағы адамдарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұлғаларға, сондай-ақ табысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетіледі.
eGov Mobile арқылы берген өтініш қабылданса, әлеуметтік көмектің тағайындалғаны туралы хабарлама немесе өтініш қанағаттандырылмағаны жөнінде негізделген жауап келеді.
Уәкілетті орган өтінішті 8 жұмыс күніне дейін қарайды. Қызмет тегін көрсетіледі.
Әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдарда отбасының табыс деңгейі және өзге де критерийлер ескеріледі.