Азды-кем білімі бар кез келген адам энергетикамен айналысатын болды: президент маман тапшылығы туралы айтты

Автор: Темірхан Айжан

Энергетика саласына 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлінген, оның 140 миллиард теңгесі ғана жаңа қуат көздерін іске қосуға берілген

Фото: iStockphoto

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында энергетика министрлігінің бұрынғы басшыларын сынға алды. Қасым-Жомарт Тоқаев олардың электр қуаты өндірісіне тиісті назар аудармағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент Қазақстанның электр қуатын жылда шетелден сатып алуға мәжбүр екенін атады.

«Электр қуаты тұрақты әрі жеткілікті көлемде өндірілмесе, жасанды интеллектіні енгізу және жаппай цифрландыруды жүзеге асыру мүмкін болмайтыны анық. Бұл мәселе жөнінде мен Ұлттық құрылтай отырысында пікірімді анық айтып кеттім. Еліміз электр энергиясының ішкі тапшылығын жою үшін оны жыл сайын импорттауға мәжбүр. Былтыр 3,7 миллиард киловатт-сағат энергияны сырттан алдық. Қуат көздері мен электр желілерінің әбден ескіруі де бұл саладағы ахуалды ушықтырып тұр», - деді ол.

Тоқаев өткен үш жылда «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында энергетика саласына 1 триллион теңгеден астам қаржы салынғанын айтты.

«Бұл қаражаттың негізгі бөлігі, яғни, 900 миллиард теңгеден астам қаржы жөндеу жұмыстарына жұмсалды. Жаңа қуат көздерін іске қосуға 140 миллиард теңге ғана бөлінген. Бұл ұзақ уақыт бойы тұрақты энергожүйені қамтамасыз етуге жетпейтіні анық. Электр қуаты жеткіліксіз болса, еліміз ойдағыдай дами алмайды. Осы маңызды мәселені ескермей жоспар құру – еш қисынға келмейтін шаруа. Энергетика министрлігінің бұрынғы басшылары тек мұнаймен шұғылданған сияқты, электр қуаты өндірісі екінші қатарда назардан тыс қалды», - деді ол.

Президент осы олқылықты тез арада түзетуді тапсырды.

«Қазіргі кезде Қазақстанда 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Бұл еліміз үшін жеткіліксіз. Үкімет 2029 жылдың соңына дейін 13,3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосамыз деп жоспарлап отыр. Оның 5,9 гигаваты жаңартылатын қуат көздерінен алынбақ. Сондай-ақ Үкімет келесі жылы электр қуатына деген сұранысты толық өтеуді көздеп отыр. Тіпті, 1,3 миллиард киловатт-сағат қуатты артық өндіре аламыз деген болжам бар. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін міндеттеменің бәрі уақтылы орындалып, жеткілікті қаражат бөлінуге тиіс», - деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев қуат көздерін іске қосу мерзімін қайта-қайта кейінге қалдыру әдетке айналып кеткенін айтты.

«Алматыдағы 2-ші және 3-ші жылу электр орталығын жаңғырту мерзімі бірнеше рет шегерілді. Жұмыс әлі күнге дейін жүргізіліп жатыр. Сондықтан Үкімет жоспарланған қуат көздерінің толық іске қосылуын қамтамасыз етуге тиіс. Бұдан былай соза беруге болмайды. Менің ойымша, мәселе – нағыз энергетика мамандарының болмауында. Энергетика саласындағы мәселелермен «алып бара жатқан не бар дейсің?» деп, «азды-кем білімі бар, бірақ өзіне деген сенімі мол» кез келген адам айналысатын болды», - деді ол.