Бойжеткенге айыппұл салынған
Алматы облысының Қарасай ауданаралық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты әлеуметтік желіде өзін ұрлап кеткені туралы видео жариялаған қыздың ісіне қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Анықталғандай, биыл 15 қаңтарда кешкі сағат 8 шамасында бойжеткен TikTok -та өзін ұрлап кеткені туралы бейнежазба жариялаған. Видео әлеуметтік желіде кеңінен таралып, қызды мәжбүрлеп некеге тұрғызу, яғни алып қашу белгілері бар бейнематериал ретінде ұсынылған.
Алайда сот отырысында әлгі қыз кінәсін толығымен мойындап, видеоны көп қаралым жинау үшін әдейі жариялағанын және өз ісіне өкінетінін айтқан.
Сот қаулысымен ол ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК (86 500 теңге) айыппұл салынды. Қыздың әкімшілік құқықбұзушылықты алғаш рет жасағаны және өз әрекетіне өкінетінін ескере отырып, айыппұлдың сомасы 30 пайызға қысқартылған. Енді ол 60 550 теңге төлейді.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.