«AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаевтың айтуынша күн сайын қабылданатын он өтініштің алты-жетеуі жылу, су, электр энергиясы мен кәріз жүйесіне байланысты
Астанада «AMANAT» партиясының халық игілігіне арналған тағы бір бастамасы «TURGYNDAR AMANATY» жобасын іске асыру барысы талқыланды. Іс-шараға партия хатшысы Ержан Жылқыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Альберт Рау мен Екатерина Смышляева, сондай-ақ партияның өңірлік филиалдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында жобаның фронт-офисі жұмысының нәтижелері таныстырылып, көппәтерлі тұрғын үйлер мен аулаларды басқарудың жаңа моделін өңірлерде енгізу жолдары айтылды. Жоба тұрғындардың ортақ мүлікке жауапкершілігін арттыруға және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Партия хатшысы Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, күн сайын қабылданатын он өтініштің алты-жетеуі жылу, су, электр энергиясы мен кәріз жүйесіне байланысты мәселелер туралы болып отыр. Осыған байланысты «TURGYNDAR AMANATY» жобасы іске қосылған.
«Жобаның алғашқы семинар-форумы Қарағанды қаласында өтті. Оған Қарағанды облысының Балқаш, Саран, Теміртау, Шахтинск сынды ірі қалаларынан 500-ге жуық тұрғын үй саласының жетекші мамандары қатысты. Қатысушылар өздерін толғандырған нақты сұрақтарды ортаға салды. Бүгінде тұрғын үйлерді күтіп-ұстау мен басқаруға байланысты қордаланған мәселе көп. Әсіресе коммуналдық инфрақұрылымның тозуы – кәріз, электр желілері мен инженерлік жүйелердің ескіруі – бір ғана пәтердің емес, тұтас бір үйдің ортақ проблемасына айналып отыр. Ал бір үйде кем дегенде 500–600 адам тұратынын ескерсек, бұл ұсақ мәселе емес. Осы түйткілдерді түбегейлі қалай шешу керек, олармен қалай жұмыс істеу қажет, заң қандай мүмкіндік береді деген сұрақтардың барлығына «TURGYNDAR AMANATY» жобасы нақты жауап ұсынады. Қазір Қарағанды облысында мүлік иелерінің бірлестігі мен көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару кооперативінің басшыларын оқыту жұмыстары басталды. Семинарлар барысында олардың негізгі міндеттері түсіндіріліп, жаңа заңнамамен жұмыс істеу тетіктері жан-жақты таныстырылуда. Алдағы уақытта бұл жоба тек партиялық бастама ретінде емес, халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін, өзекті мәселелерді көтеріп отырған маңызды алаңға айналады деп күтіледі», - деді ол.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қоғамдағы көңіл күйге тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындармен күнделікті байланыста болатын негізгі тұлғалар, ол мүлік иелерінің бірлестігі мен көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару кооперативінің төрағалары. Сондықтан олармен жүйелі әрі тұрақты жұмыс жүргізу керек.
«Тұрғын үй-коммуналдық сала – күрделі және халыққа тікелей әсер ететін бағыт. «TURGYNDAR AMANATY» жобасы тұрғындарға сенімді ақпарат жеткізіп, құқықтық кеңес пен тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жоба аясында кері байланыс жүйесі орнатылған. Қоғамдық қабылдаулар мен Telegram арнасында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару кооперативінің жарғыларын талқылаулар болып, жиі қойылатын сұрақтарға жауап беріліп жатыр. Осылайша тұрғындарға ақпарат тек сенімді дереккөзден берілед», - деді ол.
Жиында Астана қалалық филиалының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында атқарған жұмыстары да таныстырылды. Филиал жанынан ашылған фронт-офис арқылы тұрғындардан арыз-шағым қабылданып, құқықтық кеңестер берілуде.
«Астана қаласында «109» бірыңғай байланыс орталығына бір жыл ішінде 110 673 өтініш келіп түскен. Осыны ескере отырып, жоба аясында бірқатар нақты бастамалар қолға алынды. Астана қалалық филиалы жанынан фронт-офис ашылып, бірыңғай көпарналы нөмір іске қосылды. Тұрғындардан арыз-өтініштер қабылдау басталды. Фронт-офис ашылғаннан кейінгі бір жарым ай ішінде 114 өтініш тіркелді. Оның 22-сі оң шешімін тапты, 7 өтініш бойынша құқықтық кеңес берілді, 25 мәселе қаралу үстінде. Сонымен қатар, 2026 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасына қатысуға ниетті 87 мүлік иелері бірлестігінің төрағасына қолдау көрсетілді. Оларға конкурсқа қатысу тәртібі, құжаттарды дұрыс рәсімдеу, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу, фото және есеп беру талаптары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Өйткені сараптама көрсеткендей, конкурсқа өтінім берушілердің басым бөлігі құжаттарының дұрыс рәсімделмеуіне байланысты іріктеуден өтпей қалып жатады. Заңгерлік компаниялармен және біліктілікті арттыру ұйымдарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Олардың өкілдері қазіргі таңда тегін заңгерлік көмек көрсетіп, оқыту курстарын сүйемелдеп келеді», - деді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхамеджан Болысбек.
Сонымен қатар, «OSИ Skills» форматы бойынша біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылып, 2025 жылы 700-ден астам мүлік иелерінің бірлестігі төрағасы оқытудан өтті.
Алдағы кезеңде партия өңірлерде мүлік иелерінің бірлестігі мен көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару кооперативінің өкілдерін біріктіретін қалалық кеңестер құруды, әкімдіктермен меморандумдарға қол қоюды, сондай-ақ Telegram және WhatsApp платформаларында цифрлық кері байланыс құралдарын іске қосуды жоспарлап отыр.
Жиын қорытындысы бойынша «TURGYNDAR AMANATY» жобасы тұрғын үй-коммуналдық саладағы мәселелерді жүйелі түрде шешуге арналған партияның маңызды бастамаларының бірі екені атап өтілді.