Ғалымдар ел тағдыры үшін маңызды тарихи таңдауда белсенділік танытып, жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырды
Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясында елімізге еңбегі сіңген көрнекті ғалымдар, оның ішінде Қазақстанның Еңбек Ерлері де, конституциялық реформаларға қатысты өз ұстанымын ашық білдіріп, үндеу жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Конституцияны жүйелі жаңғыртудың ғылыми негіздері» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Айдос Сарым, Жанарбек Әшімжанов, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас директоры Анар Фазылжан, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Вячеслав Локшин баяндама жасады. Жиынның шымылдығын ашқан ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев қазіргі уақытта елдің болашағы айқындалатын тарихи кезеңнің басталғанын атап өтті.
«Қазір біз мемлекетіміздің дамуындағы тарихи кезеңді бастан өткізудеміз. Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы талқыланып жатыр. Бірінші болып Үкімет үйінде, күні кеше өз арамызда академиктермен, еліміздің жетекші ғалымдарының қатысуымен жаңа Ата Заңымыздың жобасын талқыладық. Конституцияның жобасында адами капиталды, ғылым мен инновацияларды дамыту, алғаш рет мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде анықталып отыр. Бұл жаңа конституциялық модель – елдің болашағына бағыт, бағдар беретін дамудың зяткерлік картасы деуге болады», - деді Ақылбек Күрішбаев.
Жаңа Конституция құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекеттің ұзақ мерзімді ғылыми-технологиялық дамуының іргетасын қалайтыны анық байқалады. Адами капиталды дамыту мемлекеттің стратегиялық тұрақтылығы мен өркендеуінің басты тірегі болып саналады. Осыған байланысты ғылыми қауымдастық Конституциялық реформалар жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді өз жауапкершілігі ретінде сезініп, әлеуметтік желілерде кейбір азаматтардың Конституция жобасының мәтінін мұқият оқымай, соңына дейін түсінбей, әртүрлі негізсіз ақпараттарды таратып жатқанына алаңдаушылық білдіріп, үндеу жолдады.
«Біз, Қазақстан Республикасының академиктері, ел болашағы үшін жауапкершілікті терең сезінетін ғылыми қауымдастық өкілдері ретінде, мемлекет дамуының тағдырлы кезеңінде өз ұстанымымызды ашық білдіруді азаматтық парызымыз деп санаймыз. Ғылым – уақыттың тынысын дәл басатын, қоғам дамуының бағытын таразылайтын ақыл-ойдың алаңы. Ал Конституция – сол дамудың іргетасы, ұлттың ертеңіне бағыт беретін ең биік құқықтық өлшем. Сондықтан елімізде қолға алынған конституциялық реформалар ғылыми тұрғыдан сараланып, қоғамдық санада байыппен қабылдануы тиіс деп санаймыз. Жаңа Ата Заңның басты идеяларының бірі – Қазақстанның болашағы азаматтарының білімімен, ғылымымен, шығармашылығымен және жаңашыл ойымен айқындалатынын нақты бекіту.
Конституцияның Кіріспесінде мәдениет, білім, ғылым және инновация негізгі құндылықтар ретінде айқындалса, оның «Конституциялық құрылыс негіздері» бөлімінің 3-бабында адам капиталы мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде танылды. Конституцияның 23-бабында сөз бостандығына, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілуде. Сондай-ақ, 33-бабында Азаматтардың ақысыз бастауыш және орта білім алу құқығы, жоғары білімге конкурс негізінде қол жеткізу мүмкіндігі сақталған. Білім беру жүйесінің зайырлы сипаты нақты бекітіліп, мемлекеттік білім стандарттарының баршаға бірдей болатыны айқын көрсетілген. Бұл – қоғам болып, ел болып жұмылған еңбектің нәтижесі.
Ұсынылып отырған Конституция жобасы Қазақстанның қалыптасқан мемлекеттік құрылымын, халықаралық беделін сақтай отырып, болашаққа сенімді қадам жасауға бағытталған. Жалпы айтқанда, жаңа преамбулада өткен тарихи тамырымыз құндылық ретінде айқындалып, бүгінгі уақыттың негізгі қағидаттары нақты белгіленіп, болашаққа бағдар болатын ұстанымдар бекітіліп отыр», - делінген үндеуде.
Ұлттық ғылым академиясының академиктері барша отандастарды Қазақстан халқына ұсынылған Конституция жобасын мұқият зерделеуге, оның мәні мен мазмұнын терең түсінуге шақырды. Олар қоғамда жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарын жандандырып, жалған ақпарат пен шындыққа жанаспайтын арандатушылық пікірлердің жетегінде кетпеуге үндеді. Ғалымдар ел тағдыры үшін маңызды тарихи таңдауда белсенділік танытып, жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырды.