Қалада екі жаңа перзентхана салынады
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қалада әрқайсысы 250 орынға арналған екі жаңа перзентхана салынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның біреуі келесі жылы, ал екіншісі 2028 жылы ашылады. Әкімнің айтуынша, қазір қаладағы перзентханалардың жүктемесі өте көп.
«Соңғы 10 жылда елордада босану саны 35% артты, сол себепті қалалық акушерлік стационарлар шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп келеді. Осы мәселені шешу үшін қалада әрқайсысы 250 орынға арналған екі перинаталдық орталық салынады», - деп жазды әкім жеке парақшасында.
Оның айтуынша, алғашқы перинаталдық орталық «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты есебінен салынады. Қазір перзентхана салынып жатыр және ол 2027 жылы ашылады деген жоспар бар. Екінші перинаталдық орталық бойынша биыл жобалау жұмысын аяқтап, нысанды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.