Ол қарыздарын өтеу мақсатында ұрлағанын мойындаған
Ұрланған квадроцикл табылып, тәртіп сақшылары оны заңды иесіне қайтарды, деп хабарлайды Polisia.kz. Еңбекшіқазақ АПБ кезекші бөліміне кешкі сағат 19:15 шамасында Есік қаласының 33 жастағы тұрғыны қоңырау шалып, өзі тұратын үй ауласынан квадроцикл ұрланғанын хабарлаған. Қолды болған дүниесін алдымен өзі іздегендіктен, бұл туралы полицияға кеш хабарлаған. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Аулаларды жіті қараған із кесушілер екі сағат өткенде оқиға орнынан төрт көше қашықтықта орналасқан жеке үйдің ауласындағы шөптің астына жасырылған квадроциклды тапқан.
«Үй иесі ұрланған көлікті танысының түнде алып келгенін және оның өзге біреуден ұрланғанын білмейтінін айтқан. Алдын ала тергеу барысында өзгенің көлігін ұрлап, танысының үйіне жасырған 21 жастағы тұрғын зардап шегушінің туған інісі екені белгілі болды. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталған Ю. есімді адам ағасының техникасын қарыздарын өтеу мақсатында сату үшін ұрлағанын мойындады», - делінген хабарламада.
Табылған квадроцикл өз иесіне қайтарылды. Күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.