Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын жоғары бағалады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары аймақтың болашағына үміт береді. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің экс-спикері Зайнидин Құрманов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның сөзінше, Қазақстан аймақтағы демократиялық күштердің жаңа орталығына айнала алады, ал Қырғызстан өңірдің демократиялық ошағы ретінде қала береді.
«Президент жүргізіп отырған реформалар, парламентті дамыту, Конституциялық сотты нығайту және вице-президент институтын енгізу, нақты саяси институттарды қалыптастыруға бағытталған. Тәуелсіздікке дейін авторитаризмнің күшті әлеуметтік негізі болғандықтан, демократиялық өзгерістер көбіне авторитаризмнің күшеюімен аяқталатын. Президент, интеллектуал әрі гуманитарий ретінде, аймақтың және Қазақстанның болашағының демократиялық даму жолында екенін түсінеді. Болашақта бізде уақытша персоналдық режимдер орнықты институттарға толықтай айналады: шынайы парламент, мықты президент, тиімді жұмыс істейтін үкімет, нәтижелі жергілікті өзін-өзі басқару, өз бағдарламалары мен мақсаттары бар саяси партиялар жұмыс істейді. Бұл өзгерістерді түсіну үшін уақыт керек. Қоғам консервативті процесті бірден қабылдай алмайды. Менің ойымша, Тоқаев – өз елі мен аймақ үшін болашаққа арналған үшін үлкен жоспарлары бар тұлға», - деді сарапшы.
Профессор саяси өзгерістерді парламенттен бастауды дұрыс бағыт деп санайтынын жеткізді.
«Парламент - заң шығарушы орган, елдің кадрлық резерві. Мұнда білікті, іскер адамдар жиналып, үкіметті және басқару кадрларын қалыптастырады. Сондықтан реформаны парламенттен бастау маңызды, өйткені барлық елде парламент негізгі кадрлық институт болып саналады. Заманауи мықты парламент «нотариалды кеңсе» қызметін атқармауы керек. Мұндай декоративті парламенттен соңында бас тартуға тура келеді.
Вице-президент институтына келетін болсақ, ол бұрын нақты функциялары болмағандықтан өзіндік мәнге ие болмаған. Дұрыс ұйымдастырылған жағдайда вице-президент президенттің тапсырмаларын орындай алады және АҚШ-тағыдай болашақта президенттікке үміткерге айналуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға тек сәттілік тілейміз.
Ал «Құрылтай» атауын қайта енгізу- Қазақстанның ұлттық өзіндік танымын айқындайды. Бұл парламенттің дәстүрлі атауы және елдің мәдени мұрасын көрсету тұрғысынан оны қалпына келтіру дұрыс шешім», - деді ол.
Сарапшы жергілікті әкімдерді сайлау реформасын қолдады. Бұл жергілікті бастамаларға басымдық беруге және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға мүмкіндік береді. Омбудсмен институты тиімді жұмыс істеуі үшін президент оның ұсыныстарын шынайы қабылдауы, құқық бұзған тұлғаларды дереу қызметтен босатуы тиіс. Конституциялық сот Конституцияны қорғап, билікті жеке тұлғалардың қолына бермеуі қажет.
Құрманов қазіргі заманғы мемлекетті құруда билік қана емес, азаматтық қоғам мен бизнес-сектордың қатысуы маңызды екенін атап өтті. Ол парламент, президент және үкімет халыққа қызмет етуі керек екенін, сыртқы ықпалға берілмеуі тиіс екенін айтты.
Профессордың ойынша, Қазақстанның толыққанды демократиялық жүйе құруына толықтай мүмкіндігі бар.