Айтуынша, жол инфрақұрылымының заманауи талаптарға сай келмеуі апаттарға себеп болып отыр
Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан өңірлердегі жол жағдайына алаңдаушылық білдіріп, Үкіметтен шара қолдануды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жол – Қазақстанның қан тамыры. Тамырға қан жүгіріп тұрса, ағза ақаусыз жұмыс істейді. Сол сияқты, елдегі жол жүйесі үздіксіз әрі сапалы болса ғана экономика дамып, өңірлердің өзара байланысы нығайып, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Ұлтымызда «Жол азабын жүрген біледі» деген терең мағыналы мәтел бар. Бүгінгі таңда бұл сөздің шынайы мәнін күн сайын жолға шыққан қарапайым азамат та, жүк тасымалдап жүрген кәсіпкер де, ауыл мен қала арасында жүрген халық та айқын сезініп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, көлік инфрақұрылымының жай-күйі тек салалық мәселе емес, ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың көрсеткіші. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – уақыт талабы екенін нақты атап өтті. Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып, жаңа жолдар салынуда, ескі бағыттар кеңейтілуде. Бұл – ел дамуы үшін маңызды әрі қажетті қадам. Алайда, өңірлердегі нақты жағдайды сараптай келе, жол саласы жүйелі мәселелерден әлі де арыла алмай отырғанын атап өтуге мәжбүрміз. Кейбір республикалық маңызы бар бағыттарда жолдардың тарлығы, қарсы бағыттағы көліктердің бетпе-бет қозғалысы, қозғалыс қарқынының шамадан тыс жоғары болуы, жол инфрақұрылымының заманауи талаптарға сай келмеуі жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне тікелей себеп болып отыр», - деді ол.
Ішкі істер министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, 2025 жылы республика жолдарында 32 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Полиция қызметкерлері 14 миллионнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу деректерін анықтаған. Оның ішінде жылдамдықты асыру, қауіпсіздік белдігін тақпау және көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдалану фактілері басым.
«Сонымен қатар, полиция органдары 41 мыңнан астам жол тексеруін жүргізіп, 90 мыңға жуық жол кемшілігін анықтаған. Жол жамылғысын тиісті деңгейде жөндеп ұстамағаны үшін 7,4 мың лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылған. Бұл деректер жол сапасына қатысты мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіз екенін, ал кей жағдайларда мердігерлер мен жауапты органдардың формалды жауапкершілікпен шектеліп отырғанын көрсетеді», - деді депутат.
Депутат жол қауіпсіздігін арттыруда оң нәтиже берген шара ретінде республикалық маңызы бар автожолдарда орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізуді атап өтті. Бұл жүйе енгізілген бағыттарда жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны азайған.
«Мемлекет басшысы ерекше атап өткен Қызылорда – Жезқазған, Қарағанды – Жезқазған, Бейнеу – Сексеуіл, Құлсары – Ақтөбе – Хромтау, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық дәлізі, сондай-ақ Сарыағаш маңындағы айналма жол секілді жобалар – жай ғана жол құрылысы емес, елдің транзиттік әлеуетін күшейтетін стратегиялық нысандар. Алайда бұл жобалар сапасыз салынса, мерзімінде аяқталмаса немесе тиімді пайдаланылмаса – бюджет қаражатының ысырап болуына және азаматтардың өміріне тікелей қауіп төнуіне әкеледі», - деді ол.
Осыған байланысты депутат Үкіметке жол құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына бақылауды күшейтуді ұсынды. Атап айтқанда, жол сапасына мемлекеттік бақылауды арттыру, тәуелсіз халықаралық сараптама енгізу, құрылыс барысын онлайн бақылау, мердігерлердің жауапкершілігін күшейту және бюджет қаражатының ашық жұмсалуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Депутаттың пікірінше, бұл шаралар жол қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, Қазақстанның Орталық Азиядағы ірі көлік-логистикалық хаб ретіндегі әлеуетін күшейтеді.