Еркін Әбіл парламенттік реформаға қатысты ойын бөлісті
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Еркін Әбіл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтқан парламенттік реформаға қатысты ұсыныстарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, бұл бастаманы 2022 жылдан бері Қазақстанда жүріп жатқан саяси және конституциялық өзгерістер аясында қарастыру қажет.
«Президент бір палаталы парламент құруды ұсынды. Бұл қадам суперпрезиденттік басқару жүйесінің жекелеген элементтерін біртіндеп азайтып, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтуге бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысының сөзі тек ақпарат беру үшін айтылған жоқ, ол қоғамды парламент жүйесінде болуы мүмкін маңызды өзгерістерге алдын ала дайындауды көздейді»,- деді депутат.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының баяндамасы өзара байланысты бірнеше негізгі тезис төңірегінде өрбіген.
«Президент реформаны өзі ұсынатынын айтып, саяси жауапкершілікті өз мойнына алды. Бастама қоғаммен кең талқыланатын, демократиялық мәні бар тарихи қадам ретінде бағаланып, түпкілікті шешімді халық референдум арқылы қабылдауы тиіс екені айтылды»,- деді депутат.
Еркін Әбілдің айтуынша, Президент реформаларды батыл жүргізетін, қоғам пікірін ескеретін жауапты саяси көшбасшы ретінде көрсетті. Сонымен қатар депутат болашақ парламентті «Құрылтай» деп атау туралы ұсыныстың символдық және идеологиялық маңызына тоқталды.
«Бұл атау қазақ қоғамындағы дәстүрлі басқару үлгілеріне сүйенеді және тарихи тұрғыда халыққа жақын ұғым ретінде қабылданады. Сонымен қатар, бұл кеңестік және посткеңестік жүйеден алыстап, ұлттық негіздегі жаңа институт қалыптастыруды білдіреді. Яғни мәселе тек атауды өзгерту емес, тарихи сабақтастық арқылы жаңа жүйеге сенім қалыптастыру болып отыр», - деді ол.
Депутаттың айтуынша, Халық кеңесін құру бастамасы да саяси жүйені кезең-кезеңімен трансформациялау логикасына толық сәйкес келеді.
«Сонымен қатар, Халық кеңесін құру бастамасы да саяси жүйені біртіндеп жаңарту идеясымен үндеседі. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай өз міндетін орындаған институттар ретінде бағаланып, олардың орнына бүкіл ел бойынша диалог жүргізетін біртұтас консультативтік орган құру ұсынылды. Бұл жаңа құрылым қосымша орган құру емес, кеңесші институттарды бір жүйеге біріктіруді білдіреді.Президент Халық кеңесін жалпыұлттық пікір алмасу алаңы, елдің ең жоғары кеңесші органы және қоғам мен мемлекет арасындағы байланыс құралы ретінде сипаттады. Бұл органның ерекшелігі - символдық рөлден нақты сараптамалық және ұсыныс беруші деңгейге көшуі. Ол ішкі саясатқа қатысты ұсыныстар әзірлеуге, мемлекеттік идеологияны қалыптастыруға, заң жобаларын түсіндіруге және заң шығару бастамаларын ұсынуға қатыса алады», - дейді ол.