Су ресурстары мен Арал мәселесі Ұлттық құрылтайда күн тәртібіне шықты
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Сыр өңірінің ел дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өткенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, жиынға ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер мен жастар қатысып, елдік мүдде жолындағы бірлік пен жауапкершіліктің айқын көрінісін көрсетті. Президент Сыр жұртшылығының еңбекқорлығы мен ұйымшылдығын, туған жерге деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын жоғары бағалаған.
«Облыс орталығымен бірге ауыл-аймақтың тазалығы мен көркейуіне де назар аударылды. Атап айтқанда, Нағи Ілиясов пен Таң ауылдарының бүкіл елге үлгі ретінде көрсетілуі жергілікті халықтың тәртіпке, бірлікке және ортақ жауапкершілікке деген көзқарасын айғақтайды. Ұлттық құрылтайда су мәселесіне де айрықша мән берілді. Судың ел үшін стратегиялық ресурс екені айтылып, бұл бағытта жүйелі әрі ұзақ мерзімді шешімдер қабылдау қажеттігі атап өтілді. Осы орайда, Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасының маңызы сөз болды», - деді депутат.
Сондай-ақ сәуір айында Астанада өтетін Халықаралық экология саммитінде Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен бірге Арал мәселесі талқыланбақ.
«Кіші Аралдың қалпына келуі Сыр өңірінің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірілді», - деді ол.
Мархабат Жайымбетовтің пікірінше, ел тағдыры – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Осындай тарихи кезеңде әр азаматтың бірлігі мен ынтымағы, еңбегі мен жанашырлығы елді алға бастырады. Бір мақсатқа жұмылған жұрт қана берекелі болашақты бірге қалыптастыра алады. Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар ел бірлігін бекемдеп, еліміздің жарқын келешегіне қызмет ете береді.