Астананың ескі вокзалы күрделі жөндеуден кейін қалай өзгереді (ФОТО)

Автор: Нұргүл Абай

Қазір вокзалда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр

Фото: Көлік министрлігі

Астананың ескі вокзалындағы күрделі жөндеу жұмыстары биыл күзде бір-ақ аяқталады. Көлік министрлігі вокзалдың реконструкциядан кейінгі фотосын көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Астана-1 теміржол вокзалын қайта жаңарту барысымен танысқан.

«Жұмыс сапары барысында вице-министр қазір негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатқан вокзал кешенінің жаңа бөлігін қарап шықты. Қайта жаңарту нәтижесінде вокзалдың жалпы аумағын 7 827 шаршы метрден 8 409 шаршы метрге дейін ұлғайту көзделген. Вокзал кешенінің жаңа бөлігі бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталуы осы жылдың қазан айының соңына дейін жоспарланып отыр», - делінген министрліктің хабарламасында.

Реконструкция кезінде заманауи инженерлік және цифрлық шешімдер енгізіліп, жаңа құрылыс технологиялары қолданылады.

Вице-министр күрделі жөндеу кезінде жолаушыларға қызмет көрсетіп жатқан Астана-1 вокзалының ескі бөлігіне де ерекше назар аударды. Вокзалдың ескі бөлігі тарихи-мәдени мұра нысаны болып саналады. Сондықтан оны қайта жаңарту жұмыстарын «Қазреставрация» ШЖҚ РМК жүргізеді. Қазіргі уақытта ғимаратта объектінің тарихи келбетін сақтай отырып, оны кейінгі реставрациялауға және қазіргі пайдалану жағдайларына бейімдеуге бағытталған дайындық жұмыстары басталған.