$ 507.05  594.82  6.51
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.01.2026, 10:38
Қоғам

Қазақстандағы жүргізушілер мен жолаушылар шалғайдағы тас жолдарда интернетке қосыла алады

Жоба кезең-кезеңмен іске асады

Қазақстандағы жүргізушілер мен жолаушылар шалғайдағы тас жолдарда интернетке қосыла алады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанның барлық автожолы 2027 жылдың соңына дейін тұрақты мобильді байланыспен қамтылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Транстелеком» компаниясы автожолдардың бойында тұрақты мобильді интернет пен байланысты қамтамасыз ететін телекоммуникациялық инфрақұрылым салу туралы келісімге қол қойған. Жоба аясында мобильді байланыс ұстамайтын жол учаскелері толығымен қамтылады. Соның арқасында жүргізушілер мен жолаушылар жолда келе жатып интернетті карта мен навигацияға қолдана алады, қажет болса шұғыл қоңырау шалып, мемлекеттік және банк сервистерін пайдаланады.

«Жоба кезең-кезеңімен іске асады. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын мобильді байланыспен қамту жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін, ал облыстық маңызы бар жолдарда 2027 жылдың соңына дейін аяқталады. Келісім аясында «Транстелеком» АҚ жобаны мемлекеттік қаржыландырусыз, өз қаражаты есебінен жүргізеді», - деп мәлімдеді ЖИ министрлігі.

Жоспарға сәйкес, барлығы 40 мың шақырымнан астам автомобиль жолында интернет пайда болады.  Жоба аясында 500-ден астам антенна-мачталық құрылыстар мен мобильді байланыс базалық станциялары салынады.

«Транстелеком» компаниясы салған инфрақұрылымды басқа ұялы байланыс операторлары да пайдалана алады. Бұл мобильді байланыстың қамту аймағын жедел кеңейтуге және таңдалған операторға қарамастан барлық азамат үшін қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді, деп атап өтті министрлік.