Үкімет Түркістан облысында нан неге қымбаттап кеткенін анықтады

Автор: Бақыт Шынар

Облыстағы үш наубайхананың біреуі арзан ұнсыз қалған

Фото: үкімет

Бүгін үкіметте Премьер-министрдің орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен жаңа жылдағы инфляцияны тұрақтандыру мәселелері жөніндегі алғашқы кеңес өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, жаңа жылдан кейін қаймақ, сүт пен ірімшік, сондай-ақ, қызанақ пен қияр және алма арзандаған. Бірақ, күнбағыс майы, сары май мен сүзбе қымбаттап кеткен.

Ал, жуырда Түркістан облысында нан бағасы қымбаттаған соң, үкімет оны тұрақтандыруға кіріскен еді.

«Түркістан облысындағы әлеуметтік нан неге қымбаттады деген мәселе жеке қаралды. Өңірдегі үш наубайхананың біреуінде өндіріске кететін шығын көбейіп, наубайхана арзан ұнсыз қалған.  Қазір жағдай тұрақтанды, нан бағасы бұрынғы бағада сатылып жатыр», - деп хабарланған үкіметтің ресми сайтында.

Осыған байланысты Серік Жұманғарин Азық-түлік корпорациясына «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірге өңірлерге үздіксіз түрде арзан ұн жеткізуді тапсырған.