Экономиканың өсімі халықтың күнделікті өмірінде нақты сезілуі керек – депутат

Автор: Нұргүл Абай

Ең маңыздысы — популизмге ұрынбай, басталған өзгерістерді соңына дейін жеткізу дейді ол

Фото: ortcom.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева президенттің Turkistan басылымына берген сұхбаты туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Turkistan газетіне берген сұхбаты ұрандар туралы емес, өз-өзімізді алдауға жол бермеу туралы әңгіме деп түсінемін. Біз қай кезеңдеміз және қай бағытта келе жатырмыз деген сұрақтарға ашық әрі жауапты көзқарас», - дейді депутат.

Оның айтуынша, президент басты мәселелерді нақты атап өтті: реформалар қайтымсыз сипатқа ие  болды; экономикалық өсім бар, бірақ инфляция оның әсерін әлсіретіп отыр; мемлекет тарифтерде, субсидияларда және әлеуметтік қолдауда рет пен әділеттілік орнатуы тиіс.

«Сұхбатта барлық өзгерістің өзегінде әділеттілік қағидаты тұрғаны айқын көрінеді. Төмен тарифтер ұзақ жылдар бойы қарапайым азаматтардың емес, ірі тұтынушылар мен делдалдардың пайдасына жұмыс істеді. Бұл — жасырын теңсіздіктің бір түрі болды. Әлеуметтік норманы енгізу, тұтыну көлеміне қарай төлеу және нақты мұқтаж азаматтарға бағытталған қолдау — күрделі, бірақ әділ шешім. Президенттің реформалар туралы ұстанымы да қолдауға лайық: реформалар әрдайым қолайлы бола бермейді, бірақ олар адал, түсінікті және әділетті болуы тиіс. Бүгін Қазақстан үшін ең маңыздысы — популизмге ұрынбай, басталған өзгерістерді соңына дейін жеткізу. Экономикалық өсім адамдардың күнделікті өмірінде нақты сезілуі керек», - деп санайды Дементьева.

Депутаттың пікірінше, бұл сұхбат мемлекеттің саналы таңдауын көрсетеді: заң мен тәртіпке, жауапкершілікке, еңбекке негізделген даму жолы.

«Уақытша әсер мен жалған үміт емес, ұзақ мерзімді нәтиже басты назарда. Осындай байыпты, шынайы әрі жауапты көзқарас бүгін елімізге аса қажет», - деп түйіндеді ойын ол.