Былтыр комитет дәл осы печеньенің үлгілерін зерттеп, қауіпті ештеңе таппаған
Әлеуметтік желіде тараған Oreo печеньесінің кремі «пластикалық желім», ал печеньенің өзі «артерияларды бітеп тастайтыны» туралы ақпарат шындыққа жанаспайды және ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Бұл туралы Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Комитет кондитерлік өнімдер ЕАЭО-ға мүше елдердің аумағына тек Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келген жағдайда ғана айналымға жіберілетінін атап өтті.
«2025 жылы Oreo печеньесінің үлгілері зерттелді. Зертханалық зерттеудің нәтижесінде микробиологиялық және токсикологиялық көрсеткіштер бойынша техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келмейтін жағдайлар анықталған жоқ. Зерттелген барлық үлгінің таңбалануы белгіленген талаптарға толық сәйкес келді», - делінген хабарламада.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті халықты күмәнді дереккөздерден алынған жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.