Пәтуа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында жарияланған
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желідегі парақшаға жазылатын оқырмандардың санын қандай жағдайда көбейтуге болатыны туралы пәтуашығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір адамдардың көбі және әртүрлі компаниялар өз парақшаларын насихаттау мақсатында түрлі ұсыныстарға жүгінеді. Бұл ұсыныстар тіркелушілер, оқырмандар, лайктар, пікірлер және тағы басқа нәрселердің санын арттыру жолымен жүзеге асады. Парақша иелері фолловер санын арттыру үшін арнайы қызмет көрсетушілермен келісімшарт жасап, оған белгілі бір ақы төлейді», - деп жазылған пәтуа мәтінінде.
Яғни, Мүфтияттың пәтуасына сай, егер ақша төленіп, шынайы аккаунттар жазылса, бұған рұқсат бар.
«Фолловер саны жалған (бот) аккаунттар арқылы жасалады. Бұл – нақты адамдардың тіркеліп, лайк басуы емес, қолдан жасалған шындыққа жанаспайтын әрекет. Шариғатта бұған тыйым салынады», - деп жазылған пәтуада.
Сондай-ақ, «егер тапсырыс беруші бұл жалған әрекетті өзі біле тұра тапсырыс берсе, мұндай жағдайда күнәнің ауырлығы арта түседі. Өйткені ол өз парақшасын қолданушылардың алдында шын мәнінде жоқ сипаттармен көрсеткісі келеді. Бұл музәууир «өтірікші, жалған құжат жасаушы, бұрмалаушы» болып есептелгендіктен шариғатта оған тыйым салынған».