Қазақстанның Бас прокуратурасы WhatsApp қосымшасына қатысты шұғыл ескерту жариялады

Автор: Бақыт Шынар

Алаяқтар азаматтардың WhatsApp қосымшаларын оңай иемденіп кете алады

Фото: istockphoto.com

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің қылмыстық қауіп-қатерлердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы WhatsApp мессенджеріне қатысты жаңа киберқатер пайда болғанын ескертеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Дереккөзге сүйенсек, алаяқтар азаматтардың WhatsApp аккаунттарын «басып алады».  

«Бұл әдіс GhostPairing деп аталады. Алаяқтар азаматтардың құпия сөздерін бұзбай-ақ, SIM-карталарын ауыстырмай-ақ,  күрделі «шабуыл» жасамай-ақ азаматтардың WhatsApp аккаунттарын иемденіп алады. Яғни, алаяқтар WhatsApp-қа заңды түрде, қосымша құрылғыларды байланыстыру функциясын пайдалану арқылы ашып алады», - деп жазады polisia.kz.

Полицияның мәліметіне сүйенсек, алаяқтар аккаунттарды бұзу үшін әдеттегі сценариймен жұмыс істейді: пайдаланушыға Facebook немесе WhatsApp атынан жасырынған хабарлама жібереді. Ол хабарлама Facebook пен WhatsApp интерфейсін визуалды түрде қайталайтын жалған парақшаларға бағыттайды. Растау үшін фейк-парақша телефон нөмірі мен растау кодын енгізуді ұсынады, осыдан кейін зиянкес автоматты түрде өзгенің аккаунтына сенімді құрылғы ретінде қосылып, WhatsApp-қа толық қол жеткізеді. Яғни, хаттарыңызды оқып, суреттеріңізді көре алады.

«Бұл ретте телефон әдеттегідей жұмыс істей береді және күдік тудырмайды. WhatsApp қосымшаңызды әлдекімдер қолданып жатпағанына көз жеткізу үшін «байланысқан құрылғылар» бөлімін өз көзіңізбен тексергеніңіз абзал», - деп ескертеді полиция.