Атырауда коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб құрылды

Автор: Azattyq Rýhy

Жедел штаб карантиндік іс-шараларды қамтамасыз ету үшін құрылды

Фото: ашық дереккөзден

Атырауда коронавирус инфекциясымен күрес жөніндегі жедел штаб құрылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Атырау облысының əкімі Махамбет Досмұхамбетовтің штаб құру туралы арнайы өкімі шыққан.

«Жедел штабтың жұмыс орыны болып Атырау облысы Жұмылдыру даярлығы жəне азаматтық қорғау басқармасы белгіленсін. Осы өкімнің орындалуын бақылау жəне жедел штаб жұмысын қадағалау Атырау облысы əкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевқа жүктелсін», - делінген әкімнің Атырау облысында коронавирус инфекциясына қарсы күрес жөніндегі жедел штаб құру туралы өкімінде.

Жедел штаб құрамына облыс əкімі аппараты басшысының орынбасары, облыс əкімінің əскери қауіпсіздік жəне қорғаныс мəселелері бойынша көмекшісі, облыс əкімінің кеңесшісі, прокуратура, полиция департаменті, жергілікті басқармалар және тағы басқа жауапты мамандар карантиндік іс-шараларды қамтамасыз ету үшін тартылған.