Нұр-Сұлтан полициясы ерекше жұмыс тәртібіне көшті
Тәртіп сақшылары қала көшелерін патрульдейді
Елордалық полиция қызметкерлері 5 шілдеде эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру шаралары енгізілуіне байланысты қызметтің ерекше тәртібіне көшті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары қала көшелерін патрульдеп жүр. Патрульдік бағыттар барлық учаскелерді қамтитындай етіп жасалған. Полиция тұрғын үй аумақтарын, сондай-ақ халық көп жиналатын жерлерді аралайды. Сонымен қатар олар халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, карантин тәртібін бұзушылықтарды анықтайды.
Эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түскенін ескере отырып, Мемлекеттік комиссия 5 шілдеден бастап елде 14 күнге шектеу шараларын енгізуді ұйғарды. Эпидемиологиялық жағдайдың одан әрі дамуына байланысты шектеу шаралары ұзартылуы немесе күшейтілуі мүмкін.
«Қала тұрғындары карантин ережелерін қатаң сақтап, барлық қауіпсіздік шараларын ұстануы керек: маска тағып, әлеуметтік қашықтық сақтап, антисептик қолдануы тиіс. 65 жастан асқан адамдарға қала бойынша қозғалыс шектелген. Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығына жауапкершілікпен қараңыз», – деп атап өтті полиция өкілдері.