$ 512.83  600.58  6.36
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.01.2026, 10:56
Қоғам

Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ – Тоқаев

Президент әскердегі өлім-жітімнің көбейгенін сынға алған

Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ – Тоқаев
Фото: istockphoto.com

«Turkistan» басылымына сұхбат берген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қорғаныс мәселесіне қатысты бірнеше сұраққа жауап бере отырып сарбаздар арасындағы әлімжеттік пен өлім-жітімді сынға алды, деп жазады Azattyq Rýhy. 

Дәлірек айтсақ, армиядағы ахуалға баға берген президент өркениетті елдердің әскерінде сарбаздар өлмейді дейді.

«Мен әскери борышын өтеуге шақырылған сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуына қатысты оқиғаларды өркениетті елге жат, теріс үрдіс деп санаймын. Бейбіт заманда мұндай жайттар болмауға тиіс. Бұл туралы барлық күштік құрылым басшыларымен жуырда өткен кеңесте де айттым. Қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылығын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алдым. Армия жастарға қолдау көрсетіп, оларды еліміздің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруы керек. Командирлер әскери қызметшілерге үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ, ондай жайттарға жол берілмейді. Мұның бәрін өзім жеке қадағалап отырамын», - деді Тоқаев.

Президент «ахуалды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдау жөнінде бұйрық бергенін» айтты. Бірақ, Тоқаев атап өткендей, қайғылы оқиғалар әскери бөлімшелердің бәрінде болып жатқан жоқ дейді.

«Тексеру жұмыстары, жалпы, әскердегі тәртіп қатаң сақталатынын көрсетті. Танымалдыққа ұмтылған кейбір блогерлер әскердегі шынайы ахуалға мүлдем жанаспайтын сөз таратып жүр. Олар армияны сарбаздар күн сайын дерлік қылмыскерлердің құрбанына айналып, қаза табатын жер ретінде көрсеткісі келеді. Шын мәнінде, сарбаз болу – өзіңді дамыту үшін тың мүмкіндіктерге ие болу деген сөз. Әскери борышын өтеп қайтқан жастар жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқи алады. Олар әскерде жүргенде сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметшілер мен офицерлер әлеуметтік жағынан барынша қорғалған», - деді Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары