Ведомство әлеуметтік желілердегі мәлімдемелерге ресми түсініктеме берді
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде тараған «арзан әрі қауіпті вакциналар сатып алынып жатыр» деген мәлімдемелерге ресми түсініктеме берді. Ведомство бұл ақпараттың ғылыми негізі жоқ, қоғамды адастырады және балалардың денсаулығына тікелей қауіп төндіруі мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрліктің реакциясына подкаст форматында жарияланған сұхбат түрткі болған. Онда өзін профессор ретінде таныстырған спикер Қазақстанда сапасы төмен вакциналар қолданылады, тіпті олар балаларда ауру тудырады деген пікір айтқан.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл тұжырымдарды ресми түрде жоққа шығарды.
«Қазақстанда Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесі аясында қолданылатын барлық вакциналар көпсатылы халықаралық және ұлттық сараптамадан өтеді, ДДСҰ талаптарына және ұлттық заңнамаға толық сәйкес келеді», – деп хабарлады ведомство.
ДСМ мәліметінше, вакциналарды сатып алу кезінде баға емес, тек қауіпсіздік пен тиімділік басты өлшем ретінде алынады. Атап айтқанда, мынадай талаптар ескеріледі:
• ДДСҰ квалификациясының болуы немесе қатаң реттеуі бар елдерде тіркелуі
• Клиникалық зерттеулердің расталған нәтижелері
• GMP стандарттарына сәйкестік
• Тіркеуден кейінгі қауіпсіздік мониторингі деректері.
Министрлік өкілдері «вакциналар балаларда ауру туғызады» деген пікірлер дәлелді медицинаның деректеріне қайшы екенін ерекше атап өтті.
Қазақстанда иммундау саясаты соңғы 34 жылда айтарлықтай нәтиже көрсетті. Ресми деректерге сәйкес:
• эпидемиялық паротит – 100 еседен астам азайды;
• вирусты гепатит A – 32 еседен астам;
• вирусты гепатит B – 92 есе;
• балалар арасындағы қызылша – 90%-дан астам төмендеді;
• қызамық пен паротит – 95% азайды.
Полиомиелит 1996 жылдан бері, ал дифтерия 2009 жылдан бері тіркелмеген. Бұл деректер ұлттық вакцинация бағдарламасының тиімділігін көрсетеді.
Қазақстанда фармакологиялық бақылау жүйесі жұмыс істейді. Вакцинациядан кейінгі әрбір жағымсыз реакция мұқият тексеріледі. Қауіп анықталған жағдайда, заңнамаға сәйкес жедел шаралар қабылданады.
Министрлік медициналық білімі жоқ тұлғалардың мұндай мәлімдемелері қоғамда қорқыныш тудырып, ата-аналардың шешіміне кері әсер етуі мүмкін екенін айтады.
«Азаматтарды тек ресми дереккөздерге, дәрігерлердің ұсынысына және дәлелді медицинаға сүйенуге шақырамыз. Денсаулыққа қатысты жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауап береді», – делінген хабарламада.