Осы жылдың ішінде 195 нысан бой көтерген
Қазақстанда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанының құрылысы аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, ұлттық жоба үш негізгі міндетті көздейді: ауылдық елді мекендерде медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының желісін дамыту, шұғыл медициналық көмекті уақтылы қамтамасыз ету және ауылдағы медициналық ұйымдарды кадрлармен жасақтау.
«2023-2025 жылдарға арналған бірінші міндет аясында медициналық пунктерді, фельдшерлік-акушерлік пунктерді және дәрігерлік амбулаторияларды қоса алғанда, 655 МСАК нысанын салу көзделген. Бүгінгі таңда барлық нысанның құрылысы аяқталды. Жобаны іске асыру кезеңінде 2023 жылы 99 МСАК нысаны, 2024 жылы 361 нысан және биыл 195 нысан салынды. Жаңа ғимараттар ескірген инфрақұрылымды ауыстыруға, сондай-ақ денсаулық сақтаудың бастапқы буыны бұрын болмаған елді мекендерді медициналық нысандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ұлттық жобаның екінші міндеті аясында 32 аудандық аурухананы көпбейінді аудандық орталық ауруханалар деңгейіне дейін жаңғырту жұмысы жалғасуда. Нысандардың бір бөлігі бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, қалғандары бойынша реконструкциялау, қосымша құрылыстар салу және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп атап өтті министрлік.