Алдағы күндері ауа райы құбылмалы болады
Қазақстан аумағында 30 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында ауа райының нашарлауына байланысты жол қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көлік министрлігінің ақпаратынша, Жаңа жыл мерекесі кезінде 30 желтоқсаннан 4 қаңтарға дейін республиканың басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Кей өңірлерде қар жауып, боран соғады, тұман түседі, көктайғақ болады, ауа температурасы күрт өзгеруі мүмкін. Бұл әсіресе республикалық маңызы бар тас жолдарда жүруге қиындық туғызады.
«Ең қиын жол жағдайы солтүстік, орталық және батыс өңірлерде күтіледі. Ол жақта жолдарда қар жиналып, көріну нашарлап, мұз қатуы мүмкін. Ал оңтүстік өңірлерде жаңбыр мен жабысқақ қар жауып, түнде және таңертең көктайғақ болуы ықтимал. Осыған байланысты жол қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Мереке күндері республикалық маңызы бар автожолдарда 1700-ден астам арнайы техника мен шамамен 2500 қызметкер жұмылдырылады. Жол жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізіліп, жауапты кезекшілер бекітілген», - делінген хабарламада.
Жолдың қазіргі жағдайын білу үшін «ҚазАвтоЖол» компаниясының 1403 нөміріне тәулік бойы хабарласуға болады. Азаматтар қажет болған жағдайда көмекке де жүгіне алады.
Көлік министрлігі жүргізушілерге жолға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлап, ауа райы жағдайын ескеріп, жол ахуалын нақтылауға кеңес берді. Қолайсыз ауа райы кезінде балама қозғалыс түрлерін пайдалану, оның ішінде пойызбен жүруді ұсынды.