«Шетелдік туристер үшін қажет»: Қазақстанда казинолардың саны көбейеді

Автор: Нұргүл Абай

Бір казино жылына бюджетке 2-3 млрд теңге салық төлейді дейді министр

Фото: freepik.com

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстанда шетелдік туристер үшін казинолар көбейетінін растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

29 желтоқсан күні Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге туристік саланы қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдаған болатын. Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында министрге сұрақ қойған БАҚ өкілі осы заңда казино қызметін кеңейтуге қатысты нормалар бар екеніне назар аударды. Дәлірек айтқанда, Бурабай мен Қапшағайдан бөлек, Маңғыстау, Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында казино ашу жоспарланған.

«Иә, туризмді дамыту мақсатында сіз атап өткен өңірлерде ойын аймақтарын құру туралы түзетулер қабылданды. Бірақ біз аймақтарды ғана айқындаймыз, ал олардың нақты учаскелерін жергілікті атқарушы органдар анықтайды. Яғни бәрі инфрақұрылдымға байланысты», - деп жауап берді Мырзабосынов.

Министрдің айтуынша, бір жаңа казино жылына 2-3 млрд теңге салық төлейді әрі 500 жұмыс орнын ашады. Оның үстіне жаңадан ашылатын казинолар тек қана шетелдік туристерге арналған.

«Біз шетелдік туристердің санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік сауалнама жүргіздік, тұрғындардың көбі өз өңірінің аумағында казино ашуға қарсы емес», - дейді ол.