Осылайша әр спортшыға бір жыл ішінде жұмсалатын шығын 415 мың теңгеге дейін артады
Парламент Мәжілісі кейбір заңнамалық актілерге туристік саланы қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Заңды екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар бұқаралық және балалар спортын дамытуға бағытталған түзетулер енгізген.
Басты жаңалық – балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативін енгізу. Бұл әр спортшыға жұмсалатын шығынды жылына 415 мың теңгеге дейін арттыруға жол ашады. Қазіргі орташа көрсеткіш – 233 мың теңге.
Жасөспірімдер спорт мектептерінде жұмыс істейтін жаттықтырушылар мен мұғалімдердің жалақысы өседі. Біліктілік сынағынан өткен және сабақты ұлттық спорттық дайындық стандарттарына сай өткізетін мамандарға қосымша үстемеақы төленеді. Соның нәтижесінде санаты жоқ жас жаттықтырушы немесе мұғалімнің айлығы 150 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін көбейеді.
Сонымен қатар, спорт саласында e-Спорт деген цифрлық платформа заңды түрде енгізіледі. Бұл жүйе спорт саласына қатысты деректерді автоматты түрде жинап, өңдеп, сақтап, талдайды. Сондай-ақ басқа ақпараттық жүйелермен дерек алмасуға мүмкіндік береді. Бұл спортты басқаруды жеңілдетіп, тиімді етеді.
Сонымен қатар әкімдіктерге туризм саласында жаңа өкілеттіктер беріліп отыр. Енді әкімдіктер мемлекет қаржысына салынған немесе жаңартылған туристік нысандардың (демалыс орындары, визит-орталықтар, тау шаңғысы курорттарына арналған техника, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары) жеке адамдарға сатылып кетпеуін және өз мақсатына сай жұмыс істеуін қадағалайды.
Сонымен қатар, әкімдіктер басым туристік аймақтардың нақты шекарасын өздері анықтай алады. Бұл оларға жергілікті жердің ерекшелігін, туристерді тарту мүмкіндігін және инфрақұрылымның қаншалықты дайын екенін ескеруге жол ашады. Нәтижесінде, туризм сол өңірде ретімен, теңгерімді және тиімді дамиды.