Уәкілетті органдар қазақстандықтардың ақша аударымдарын тексеруге толық дайын

Автор: Нұргүл Абай

Салық органдары азаматтардың шотындағы ақша туралы ақпарат алып отырады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қаржы министрі Мәди Тәкиев жаңа жылдан бастап күшіне енетін азаматтардың мобильді аударымдарын тексерудің жаңа ережелеріне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Тәкиевтің айтуынша, қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелері мобильді аударымдарды тексеру жұмысына толығымен дайын.

«Біз үлкен деректер қоймасын жасадық. Бүгінде онда 100-ге тарта ақпараттық база интеграцияланған. Сондықтан қазір мемлекеттік кірістер органдарында әрбір салық төлеуші, бизнес субъектісі туралы толық ақпарат бар. Яғни олар мүліктің, жердің, көліктің бар-жоғы, ақша шоттары туралы мәліметтерді көре алады. Оның үстіне бізде шетелдік серіктестермен интеграция жасадық. Бүгінде 65 мемлекеттен Қазақстанның салық төлеушілеріне қатысты ақпарат аламыз. Халықаралық ынтымақтастық аясында жыл сайын ақпарат алмасып отырамыз», - деді Тәкиев Мәжіліс кулуарында.

Министр үш ай ішінде жеке шотына 100-ден астам аударым алатын, қаражаттың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асатын азаматтар тексеріске ілігетінін атап өтті.

«Көбі салық органдары тексеріспен келіп, қысым көрсетеді, бизнесті жабады деп қорқады. Ондай болмайды. Біздің жұмысымыз заңбұзушылықтың алдын алу, сервистік қызмет көрсету. Оның үстіне біз «Халық бухгалтері» акциясын іск қостық. Кәсіпкерлер есепшілерден тегін кеңес ала алады», - деп түсіндірді ведомство басшысы.