Жаңа ипотека, еңбек адамына құрмет: Қазақстан Жұмысшы мамандықтар жылын қалай қорытындылады

Автор: Нұргүл Абай

Биыл жұмысшы мамандарға арналған ипотекалық бағдарлама іске қосылып, олардың әлеуметтік жағдайы жақсарды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Еңбек министрлігінің болжамына қарағанда, алдағы алты жылда кадрларға сұраныс 1,6 миллион адамға жетеді. Оның 900 мыңға жуығы техникалық және кәсіптік білімі бар қызметкерлер болса, 400 мыңнан астамы – жұмысшы мамандар. Әсіресе құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен денсаулық сақтау салалары жұмысшы мамандарға аса мұқтаж. Осы мақсатта президент биылғы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Еңбексіз ешқандай даму, өркендеу болмайтыны сөзсіз, ал Жұмысшы мамандықтар жылының мәні де осында: жұмысшы мамандардың кәсіби дайындығы, олардың қоғамдағы беделі мен рөлі айрықша бағаланады. Биыл жастарға қандай мүмкіндіктер берілді, жұмысшы мамандарға қандай құрмет көрсетілді, нақты қандай жобалар жүзеге асты? Толығырақ Azattyq Rýhy шолуында.

Білім мен тәжірибе

Жыл бойы жұмысшы мамандардың мәртебесін арттыру, білікті кадр даярлау және техникалық-кәсіптік білім жүйесін жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Ұлттық біліктілік жүйесі дамытылып, 1,6 мыңнан астам кәсіптік стандарт жаңартылды. Солардың негізінде білім беру бағдарламаларының 87%-і еңбек нарығына сәйкестендірілді. Сонымен қатар, 12 мыңнан астам дағдыны қамтитын Электрондық дағдылар банкі құрылды.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғыртуға бағытталған нақты шаралар жүзеге асты. 2025–2026 оқу жылына республика бойынша 189 мың талапкер қабылданып, соның ішінде 145 мың жас мемлекеттік грантқа ие болды. Мемлекеттік тапсырыстың 70 пайызы техникалық мамандықтарға бағытталып, 9-сынып түлектері негізінен геология, машина жасау, энергетика, IT, металлургия, көлік және құрылыс секілді еңбек нарығында сұранысқа ие бағыттар бойынша тегін біліммен қамтылды.

Қазіргі уақытта еліміздегі колледждерде 556 мыңнан астам студент білім алып жатыр, олардың 393 мыңы мемлекеттік тапсырыс аясында оқиды. Бұл көрсеткіштер техникалық және кәсіптік білім берудің қолжетімділігі артып, жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықтың жүйелі түрде өсіп келе жатқанын айқын көрсетеді.

Сонымен қатар, соңғы екі жылда студенттердің шәкіртақысы екі есеге өсті, колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, студенттердің жатақханамен қамтылу деңгейі 90 пайызға жетті. Бұл жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, білім алуға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту Жұмысшы мамандықтар жылының басты бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Осы орайда колледждер мен бизнес арасындағы серіктестік 8 есеге артты. Бүгінде 623 колледж 4 126 кәсіпорынмен меморандумға қол қойған. Кәсіпорындар оқу бағдарламаларын әзірлеуге қатысып, колледждерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіп, студенттерге өндірістік тәжірибе базасын ұсынып отыр.

Дуальды оқыту жүйесі де кеңінен даму үстінде. Қазіргі таңда 100 мыңнан астам студент дуальды форматта білім алса, 40 мыңнан астамы кәсіпорындардың тікелей тапсырысымен оқып жатыр. Бұл түлектердің еңбек нарығына тез бейімделуіне және жұмысқа орналасу көрсеткішінің артуына ықпал етті.

Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде заманауи Fab-Lab инновациялық зертханасы ашылды. Зертхана студенттердің инженерлік және цифрлық дағдыларын дамытуға, теорияны тәжірибемен ұштастырып, өнеркәсіп пен IT саласына арналған жобалар жасауға мүмкіндік береді.

Жастарды ерте кәсіби бағдарлауға да ерекше мән берілуде. Мектептерде мыңнан астам бейіндік сынып ашылып, 500 мыңға жуық оқушы кәсіпорындарға барып, өндірістің жұмысымен танысты. «Кәсіби бағдар», «Дублер күні» жобалары арқылы оқушылар жұмысшы мамандықтарының маңызын ерте жастан түсінуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, колледжге қабылдау кезінде міндетті кәсіби диагностика енгізіліп, жастардың өз қабілетіне сай мамандық таңдауына жағдай жасалды.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында халықаралық тәжірибе алмасу бағыты да кеңейді. Колледж студенттері мен педагогтері Түркия, Германия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және басқа да елдерде тағылымдамадан өтіп, заманауи технологияларды меңгеруде. Бұл қадам отандық кадрлардың жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына жол ашады.

Жұмысшы мамандарға арналған ипотека

2025 жылы жұмысшы мамандарға қолжетімді баспана алудың жаңа мүмкіндігі – «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Осы бастама арқылы жұмысшы мамандықтардың 2 мыңнан астам өкілі өз үйлерін сатып алды. Бағдарламаға ауыл, орман және балық шаруашылығы, тау-кен және карьер қазу, өңдеу өнеркәсібі, электр энергиясы, сумен жабдықтау, құрылыс, тасымалдау және сақтау салаларында еңбек ететін мамандар қатысады.

Бағдарламаның несие шарттары да тиімді: әлеуметтік осал топқа – жылдық 7%, қалған санаттарға – 9%. Бастапқы жарна жаңа салынған және жөнделген пәтер үшін 10%, қара сылақтағы немесе қолданылған тұрғын үй үшін 20%-дан басталады. Заемның ең жоғары сомасы өңірлерде – 30 млн теңге, ал Астана мен Алматыда – 36 млн теңге.

Еңбек адамына – ерекше құрмет

Биыл елімізде жұмысшы мамандардың еңбегі мен кәсіби шеберлігіне ерекше көңіл бөлініп, еңбек адамдарының жетістігін дәріптейтін бірқатар ауқымды шара өтті.

Еңбек күніне орай «Еңбек адамы – Ел мақтанышы» республикалық форумы ұйымдастырылды. Мемлекет басшысының атынан экономиканы дамытуға үлес қосқан жұмысшы мамандарға мемлекеттік наградалар табысталды. Сонымен қатар, алғаш рет 9 жаңа құрметті атақ енгізілді, оның ішінде «Қазақстанның көлік саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы да бар.

Ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы саласында да еңбегімен ерекшеленген азаматтар құрметті атақтармен марапатталды. «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы алғаш рет ауыл шаруашылығында озат төрт азаматқа берілді. Ал бірқатар ардагер «су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды.

Бұдан бөлек, студенттердің кәсіби шеберлігін арттыру үшін республикалық слет және WorldSkills Kazakhstan чемпионаты ұйымдастырылды. Чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 800-ден астам колледж студенті қатысып, 45 құзырет бойынша өз шеберлігін көрсетті. Жеңімпаздар Қазақстанның ұлттық құрамасына қосылып, 2026 жылы Қытайда өтетін WorldSkills International чемпионатында ел намысын қорғайды.

Жұмысшы мамандықтар жылында Қазақстан құрамасының EuroSkills Herning 2025 чемпионатында алғаш рет 7 «Үздік медальон» жеңіп алғанын тарихи жеңіс деп атауға болады. 32 елден келген 600 жас маманның арасынан қазақстандық студенттер веб-технологиялар, мехатроника, CAD инженерлік графикасы, желілік әкімшілендіру, графикалық дизайн, дәнекерлеу, мейрамхана сервисі, автомеханика және басқа да бағыттар бойынша үздік нәтижелерге қол жеткізді.

Ал жыл соңында «Еңбек жолы» республикалық байқауы, «Ерлік пен еңбек дастаны» конкурсы және «Жұмысшы жастар аманаты» жобасы қорытындыланып, жұмысшы мамандықтарының үздік өкілдері мен еңбек әулеттері марапатталды.