Үкімет Қазақстанда Жаңа жыл мерекесінің қауіпсіздігі туралы кеңес өткізді

Автор: Бақыт Шынар

Бектенов біраз министр мен әкімдерге  тапсырма берді

Фото: үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов мереке күндері Қазақстан халқының қауіпсіздігі мен қылмыстардың алдын алуға қатысты ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Премьер-министр Олжас Бектенов құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді. Жиында мереке күндеріндегі қауіпсіздік шаралары, жаңартылған тиісті заңнама нормаларын енгізу, сондай-ақ 2026 жылға арналған жоспар және Президенттің «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде атқарылған жұмыстардың нәтижелері қаралды.

Комиссияның отырысына төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Қаржы мониторингі агенттігінің өкілдері қатысты.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мереке күндері патурльдердің саны көбейіп, халық көп жиналатын орындарда тәулік бойы кезекшілік орнайтынын хабарлады. Жалпы, үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, Жаңа жыл түні ел бойынша 1 мыңнан астам бұқаралық шаралар өтеді деген жоспар бар. Олардың көбіне балалар қатысады.

«Біздің міндет – іс-шаралар өтетін жерлерде құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу жұмыстарын қамтамасыз ету. Көшелер мен қоғамдық орындарда қылмыстардың профилактикасының тиімді жүйесін құрған жөн. Жағдайды бақылауға алып, оның ішінде бейнекамералар арқылы визуалды бақылау ұйымдастыру қажет. Қажет болған жағдайда оқиғаларға шұғыл әрекет ету шараларын қамтамасыз етіңіздер. Сондай-ақ адамдар көп жиналатын нысандарда лаңкестік шабуылдардың алдын алу үшін кешенді профилактикалық шаралар қабылдансын. ІІМ мен ТЖМ-ға күшейтілген режимде жұмыс істеу тәртібіне көшуді тапсырамын», -  деді Бектенов.