«Пневмониямен ауырғандар саны 5 есе өсті»: Сағынтаев Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай туралы
Елімізде соңғы айда 628 адам пневмониядан көз жұмған
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың қандай екенін, коронавирустық инфекциямен күрес жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын айтты.
Оның айтуынша, коронавирустың таралуына байланысты қалалық денсаулық сақтау жүйесінің барлық мүмкін ресурстары жұмылдырылған. Жұқпалы және провизорлық стационарлардан бөлек негізгі салмақ алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметіне жүктелген.
«Бүгінгі қалыптасқан жағдайда «виртуалды жұқпалы аурулар ауруханасы» ашылды. Емханаларда COVID-19 диагнозы расталған және симптомдары бар пациенттерді мониторингілеу бойынша мобильді бригадалар құрылды. Асфендияров медуниверситетімен бірлесіп, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ базасында пациенттерге мониторинг жүргізетін орталық аштық. Бұл бізге амбулаторлық деңгейде, әсіресе қарттар арасындағы асқынуларды азайтуға мүмкіндік береді», - деп жазды Сағынтаев өзінің Instagram-парақшасында.
Алматыда тек соңғы айда қалада ЖРВИ мен пневмония ауруларының саны 5 есе өскен.
«Мұны індеттің көрінісі ретінде қарастырып отырмыз. Бұл ретте жедел жәрдем қызметіне жүгінушілердің саны күрт көтерілген. Маусым айында тәулігіне 4 мыңға дейін қоңырау түскен», - деді Алматы әкімі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова маусым айында елімізде пневмониядан 628 адамның қайтыс болғанын айтқан еді.