«Кітап оқитын ұлт» Қостанай өңірінде - аймақта 55 мың адам жобаға белсенді қатысып жатыр

Автор: Бақыт Шынар

Әсіресе, жастар мен студенттердің ынтасы зор 

Фото: ұйымдастырушылардан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда жаппай кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жөніндегі бастамасын жүзеге асыру мақсатында Қостанай қаласында 2025 жылғы 18 желтоқсан күні «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен «Олжа-Агро» ЖШС өңірдегі кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа қордың Атқарушы директоры Аян Қажимерұлы Сакошев және «Олжа-Агро» агрохолдингі Бас директоры Әлішер Асанұлы Қожаназаров қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Негізгі мақсат – Қостанай облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыру арқылы тұрғындарды кітап оқуға баулу. «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры жобаның мазмұнын, шығармашылық және ұйымдастырушылық бөлігін толық қамтамасыз етеді, ал «Олжа-Агро» ЖШС жобаның қаржылық демеушісі ретінде қолдауды көрсетеді.

Бұл серіктестік мемлекет, бизнес пен қоғамдық ұйымның бірлескен күшімен кітап оқитын ұлт қалыптастыру бағытындағы бірлескен қадамдардың бастамасы.  2025 жылдың қыркүйек айында басталған «Кітап оқитын ұлт» жобасы бүгінгі таңда өңірдің әр бұрышын қамтып, жүздеген мың адамның жүрегіне жол тапты.

Казіргі күні жобаға 55 мыңнан астам тұрғын қатысуда – бұл дегеніміз облыс халқының белсенділігінің жарқын дәлелі. Аудан орталықтарында, ауыл мектептерінде, кітапханаларда Кітап оқу марафоны жалғасып жатыр: балалар, студенттер, мұғалімдер, ата-аналар бір мезгілде бір кітапты оқып, оны талқылап, әлеуметтік желілерде пікір алмасып жатыр. 

Жобаны «AMANAT» партиясының қолдауымен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры және Қостанай облысы әкімдігі жүзеге асырып жатыр. Өңірлік демеуші – «Олжа Агро» ЖШС агрохолдингі.

«Қостанай облысы әкімдігі ретінде біздің басты міндетіміз – қоғамдық ұйымдардың, бизнес өкілдерінің және мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру және қолдау. Қостанай облысында интеллектуалдық капиталды қалыптастыру – бұл біздің ортақ болашағымыздың негізі. «Кітап оқитын ұлт» жобасы осы мақсатқа жетудің ең жарқын үлгісі», - деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

«Олжа-Агро» ЖШС Бас директоры Әлішер Қожаназаровтың айтуынша, кітап оқу интеллектуалдық капиталдың негізі. Сондықтан, аймақ үшін бұл маңызды жобалардың бірі.