«Шашын алып, жаялыққа орады»: Атырау дәрігерлері әке-шешесі тастап кеткен шақалақты қырқынан шығарған (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Бала шала туған

Фото: скриншот

Атырауда перинаталдық орталық қызметкерлері тастанды баланы қазақтың дәстүрімен қырқынан шығарып, елдің жүрегін елжіретті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Астана» телеарнасы жазғандай, шала туған баланы анасы ауруханада тастап кеткен. Сондықтан, баланы әке-шешесі емес, перзентхананың қызметкерлері қырқынан шығарған.

«Дәрігерлер сәбидің шашы мен тырнағын алды. Жаңа киімін кигізді. Тіпті бесікке салу рәсімінде дайындалатын тыштырманы сәбиге арнап арнайы пісіріп, тәттілермен қосып таратты. Өмірге келе сала тастанды атанған балапанды құшақтарына қысып, мейіріміне бөледі», - деп хабарлайды телеарна тілшілері.

Перзентхана дәрігерлері баланы қырқынан шығару үшін әрқайсысы шама-шарқынша ақша шығарып, керек-жарағын сатып алған.

«Перзентхананың асханасында бауырсақ пісірдік. Бөлімшенің мейірбикелері баланың жаялығы мен киімдерін өздері әкелген. Суға түсіріп, шашы мен тырнағын алды», - дейді облыстық перинаталды орталық директоры орынбасарының міндетін атқарушы Гүлмира Әбікеева.