Шымкенттің халықаралық танымалдығы артып келеді: шетелдік туристердің қызығушылығы 89%-ға өскен

Автор: Темірхан Айжан

Қалада туризмді дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр 

Фото: Шымкент қаласының туризм басқармасы

Биыл Шымкент қаласы туристік дамудың жаңа белесіне көтерілді. Қала тарихи және мәдени орталық ретінде танымалдығымен қоса, іскерлік, креативті және инвестициялық әлеуеті бар аймаққа айналып келеді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет екенін ерекше атап, осы бағытқа жеке инвесторларды тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет екенін тапсырған болатын, деп жазады Azattyq Rýhy.

Туристік ағым және инфрақұрылым

Шымкент қаласы мемлекет басшысының тапсырмасына орай туризмді әрі қарай дамыта түсуге баса назар аударған. Agoda халықаралық туристік платформасының деректеріне сүйенсек, Шымкентке Оңтүстік Корея туристерінің қызығушылығы артқан. 2025 жылы мамырда Инчхон–Шымкент бағытында тікелей рейс іске қосылғаннан кейін қалаға қатысты туристердің сұранысы 89%-ға өскені байқалды.

Биыл Шымкентке 243 мыңға жуық турист келген. Оның 15,5 мыңы шетелдік қонақтар болса, қалғаны - отандастар. Қаладағы орналастыру орындарының саны 159-ға жетіп, төсек-орын қоры 34%-ға артты. Қонақ үйлер мен хостелдерде көрсетілген қызмет көлемі 6,3 млрд теңгеден асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға көп.

Инвестициялар және жаңа жобалар

Шымкентте туризмді дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Соңғы бір жылда 7 жаңа қонақ үй ашылып, тағы 4 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жалпы тартылған инвестиция 14,5 млрд теңгені құрап, 240 тұрақты жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, халықаралық деңгейдегі «Hilton» қонақ үйінің құрылысы басталып, 2026 жылы ашылады деп жоспарлануда. Табиғи аймақтарды тиімді пайдалану үшін «Omir Shymkent» глэмпинг жобасы қолға алынды.

Қала туристік инфрақұрылымды жақсарту үшін 17 бағыт бойынша маршруттар ұсынады. Әр бейсенбіде шетелдік туристерге арналған тегін автобустық экскурсиялар өткізіліп, қаланың мәдениеті мен тарихын таныстырады. Түркістан–Ташкент–Ақсу-Жабағалы–Шымкент бағытына арналған 4 күндік туристік маршрут кеңінен танымал болды. Биыл алғаш рет «Jibek Joly» туристік пойызы қалаға аялдады.

Әуе байланысы және цифрлық инфрақұрылым

Шымкенттен Сиань, Будапешт, Мюнхен, Шанхай, Каир, Сеул, Үрімші және Баку қалаларына жаңа рейстер ашылды. Қалада туристерге қолайлы жағдай жасау үшін Visit-shymkent.com порталы, QR-кодтар мен 2ГИС жүйесіне енгізілген нысандар қолжетімді. Туризмді цифрландыру туристерге ақпаратты жылдам және ыңғайлы жеткізуге мүмкіндік береді.

Имидждік іс-шаралар мен креативті индустрия

Шымкентте жыл сайынғы гастрономиялық, көше тағамдары фестивальдері мен drone-show сияқты шаралар қала имиджін арттырады. Этноауылды жаңғырту, гастрономиялық аллея ашу және Бадам су қоймасын туристік дестинацияға айналдыру жоспарлануда.

Креативті индустрия бағытында да қарқынды жұмыс жүргізілуде. 2025 жылы ашылған «Shymkent Creative HUB» орталығы жас таланттарға, контент-мейкерлерге және кәсіпкерлерге шығармашылық алаң ұсынады. Қалада 2,3 мыңнан астам креативті кәсіпкер тіркелген, ал салаға қолдау көрсету үшін арнайы ассоциация жұмыс істейді.

Халықаралық ынтымақтастық

Халықаралық байланыстар саласында да белсенділік байқалады. Жыл басынан бері 26 дипломатиялық кездесу өтті, Франция, Қытай, Еуропалық одақ елдері, Қырғызстан және Болгариямен жаңа жобаларға жол ашылды. Парижде «Шымкент күндері» өтті, Ош қаласымен бауырластық байланыс, ал Пловдив қаласымен жаңа серіктестік орнатылды.

Шымкент туризм, креативті индустрия және халықаралық ынтымақтастық арқылы өзінің экономикалық және мәдени әлеуетін айтарлықтай арттырды. Қала туристік инфрақұрылымды дамыту, жаңа бағыттар ашу, цифрландыру, халықаралық қатынастар мен креативті жобаларды жүзеге асыру арқылы Оңтүстік Қазақстанның жетекші туристік хабы болып отыр. Инвестициялар, жаңа қонақ үйлер, глэмпинг жобалары, халықаралық рейстер және имидждік іс-шаралар Шымкентті туристер үшін тартымды әрі қолжетімді қалаға айналдырып отыр.