$ 520.02  608.79  6.57
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 15:16
Қоғам

Қайтарымсыз грант пен салық жеңілдігі: Шымкент кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетеді

Қалада жаңа жобалар мен жұмыс орындары ашылып жатыр

Қайтарымсыз грант пен салық жеңілдігі: Шымкент кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетеді
Фото: freepik.com

Шымкент қаласында әлеуметтік осал топтарды қолдау мен шағын және орта бизнеске серпін беруге бағытталған нақты қадамдар жасалып жатыр. Мемлекеттік гранттар, қолжетімді өндірістік алаңдар, салық жеңілдігі – барлығы да қала экономикасын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайтарымсыз гранттар

Биыл қалада әлеуметтік осал топтардың 431 өкіліне 400 айлық есептік көрсеткішке дейін қайтарымсыз грант берілген. Бұл – жай ғана қаржылай көмек емес, олардың жаңа өмір бастауына берілген нақты мүмкіндік. Қолдау алғандардың ішінде көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар бар.

Мемлекеттен алған грантты тиімді жұмсап, жобасын өмірге енгізіп үлгергендердің бірі – көпбалалы ана Ақмейір Қабылбек. Ол комиссия алдында өз идеясын сенімді қорғап, 1,5 млн теңге грант ұтып алды. Нәтижесінде қалада ерекше балаларға арналған түзету-дамыту орталығы ашылды. Бүгінде орталықта бес жасқа толмаған 20 балаға логопед, АВА-терапевт, сенсорлық интеграция және АФК мамандары қызмет көрсетеді.

Ақмейір грант қаражатына арнайы жабдықтар – велосипед-тренажер, электрлі жүру жолағы, татами, батут және логопедиялық құралдар сатып алған. Ал ғимаратты жалға алу шығынын өзі көтеріп, орталық қызметін жолға қойды.

Қазір қалада қайтарымсыз грантқа қызмет көрсету саласынан бастап өндіріс, тігін, кондитерлік іс, жартылай дайын өнімдер, мал шаруашылығы және жиһаз өндірісіне дейін әртүрлі бағыттағы бастамалар жүзеге асып жатыр. Сонымен бірге фаст-фуд, сусындар мен ет өнімдерін әзірлейтін жаңа жобалар да мақұлданды.

Мемлекеттен қаржылай көмек алған әрбір азаматқа қойылатын талап біреу – ақшаны тек жобаға жұмсау. Еңбек мобильділігі орталығындағы мониторинг тобы әрбір іске асырылып жатқан жобаны қадағалап, қажет кезінде түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.

Мемлекет беретін қолдаудың бір тиыны да босқа кетпеуі тиіс: егер қаржы мақсатсыз жұмсалса, ол толықтай кері қайтарылады. Мұндай қағида кәсіпкерлер арасында әділдік пен жауапкершілікті нығайтады.

Шағын және орта бизнеске көмек

Шымкентте соңғы жылдары шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ерекше қарқын алды. Қалада кәсіп бастаймын деген әр азаматқа нақты мүмкіндік ұсынылып, инфрақұрылымнан бастап салық жеңілдіктеріне дейінгі жүйелі саясат жүзеге асуда. Кәсіпкерлерге арнап салынып жатқан жаңа өндірістік алаңдар да осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Қазіргі таңда аумағы 45 мың шаршы метрді қамтитын үш ірі «шағын өндірістік алаңның» құрылысы аяқталуға жақын. Инженерлік желілері тартылған, инфрақұрылымы дайын бұл орындарда алдағы уақытта 50-ден астам шағын кәсіпорын жұмысын бастап, 300-ден аса тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл – өндіріс ашуға жағдайы келмейтін көптеген жас кәсіпкер үшін жаңа мүмкіндік.

Бизнеске жасалған қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – салық жүйесін жеңілдету. Былтырдан бері бөлшек салық мөлшерінің 4%-дан 2%-ға қысқаруы кәсіпкерлердің ашық әрі адал жұмыс істеуіне айтарлықтай әсер етті. Нәтижесінде осы салық түрінен бюджетке түсетін қаражат үш есе артып, 9 миллиардтан 31 миллиард теңгеге дейін өскен. Бұл – жеңілдетілген мөлшерлеменің тиімділігін нақты көрсеткен дерек. Жаңа Салық кодексінің қабылдануына байланысты келесі жылдан бастап бұл жеңілдікті қолдана алатын кәсіпкерлер саны 8 мыңнан 102 мыңға дейін көбеймек.

Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде қаладағы шағын және орта кәсіпорындардың белсенділігі де айтарлықтай артты. Соңғы үш жылда Шымкентте жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 128 мыңнан 141 мыңға жеткен. Бұл секторда жұмыспен қамтылғандар саны 250 мыңнан асып, қала экономикасында шағын және орта кәсіпкерлікпен өндірілген өнім үлесі 41%-дан 58%-ға артты. Тек биылдың өзінде кәсіпкерлікті қолдауға 20 миллиард теңге бөлініп, 1 971 жобаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген.

Осындай жүйелі қолдау мен сенімнің арқасында Шымкентте шағын және орта бизнестің әлеуеті кеңейіп, жаңа өндірістер мен қызмет көрсету нысандары ашылуда. Қала кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру бағытында қарқынды дамып келеді және бұл үрдіс алдағы жылдары да жалғасын табары анық.

Серіктес жаңалықтары