Бір апта ішінде өтінімдер саны 130 есе артқан
Зейнетақы қорындағы артық ақшаны тіс пен көзді емдеуге пайдалану тоқтатылғаннан кейін, қазақстандықтар пластикалық операцияларға жаппай өтінім бере бастаған. Азаматтардың зейнетақы жинағы делдалдар арқылы заңсыз алынып жатқанына алаңдаған Отбасы банк бірыңғай зейнетақы төлемдерін пластикалық операцияларға жұмсауға тыйым салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Отбасы банктің ақпаратынша, enpf-otbasy.kz платформасында стоматология мен офтальмологияға өтінім қабылдау тоқтатылғаннан кейін, қазақстандықтар жаппай реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) операцияларын таңдай бастаған. Әсіресе операциядан кейінгі тыртықтарды түзетуге және туа біткен ақауларды коррекциялауға сұраныс күрт артқан.
Бұрын Отбасы банкке пластикалық ота бойынша шамамен 16 өтініш түсетін. Алайда қыркүйекте тіс емдеуге өтінім тоқтағанда олардың саны 123-ке дейін өскен, қазан айында – 1 844-ке, ал қарашада – 3 878 өтінішке жеткен. Желтоқсанның алғашқы 8 күнінде, офтальмологияға өтінім қабылдау тоқтағаннан кейін, пластикалық оталарға 2 093 өтініш түсті. Бұл – бұрынғы айлық орташа көрсеткіштен 130 есе көп, дейді Отбасы банк. Желтоқсан айындағы өтінімдердің жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге жетіп отыр.
«Пластикалық оталарға деген қызығушылық күрт артқанын байқаған кезде, біз бұл жағдайдан БЗҚ қаражатын мақсатсыз пайдалану қаупін көрдік. Сондықтан осы бағыт бойынша өтінім қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болдық. Иә, қазақстандықтар зейнетақының артылған бөлігін белгілі бір мақсаттарға пайдалана алады. Қазір осы мүмкіндікті желеу етіп, кейбіреулер оны делдалдар арқылы заңсыз жолмен шешіп алып жатыр. Ал шын мәнінде, пайда тауып отырған – сол делдалдар. Отбасы банкі үшін ең маңыздысы – зейнетақы қаражатының нақты мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз ету және оны заңсыз баю құралына айналдырмау», – деді Отбасы банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Осыған байланысты 2025 жылғы 12 желтоқсаннан бастап зейнетақы жинағын «Операциядан кейінгі тыртықтарды және туа біткен ақауларды түзетуге арналған реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) операциялары» мақсаты бойынша пайдалануға тыйым салынды.
Отбасы банк осы күнге дейін пластикалық операциялар бойынша түскен 6 294 өтінім қолданыстағы тәртіпке сәйкес өңделетінін атап өтті.
Бұдан бөлек, зейнетақының артылған бөлігін баспана сатып алуға, ипотеканы толық немесе жартылай өтеуге пайдалануға, сондай-ақ Отбасы банктегі депозитті толықтыруға болады.