Қоғамдық кеңістікті абаттандыру жобалары әлеуметтік өмір сапасын көтереді
Шымкент қаласында инфрақұрылымдық даму ауқымды қарқынмен жалғасып, қала жолдары мен инженерлік желілердің сапасы айтарлықтай артты. Қала әкімдігі жол инфрақұрылымын жаңарту мен кеңейтуге аса мән беріп, жүйелі жоспарлар мен жобаларды кезең-кезеңімен іске асыруда, деп жазады Azattyq Rýhy.
Қаладағы жалпы жол ұзындығы 3 847 шақырым болса, оның 3 567 шақырымы асфальт-бетон жамылғы жабылған. Қазіргі уақытта 42,4 шақырымдық 19 ірі жоба жүзеге асырылуда, оған негізгі магистральдар мен балама жолдарды жаңарту, теміржол өткелдерін салу және шағынаудандарға кіреберіс жолдарды кеңейту жұмыстары кіреді.
Биыл 323 көшенің жөндеу жұмыстары аяқталып, 559,9 шақырым ішкі орам мен шалғай аймақ көшелеріне асфальт төселді. Қауіпсіздік мақсатында 201 жаяу жүргінші өткелі жарықтандырылды, 3 шақырым дыбысты жолақ салынды және 80 шақырым тротуар төселді. Жоспар бойынша жыл соңына дейін қаладағы барлық 2 291 көше толық жарықтандырылады, сондай-ақ 85 бағдаршам ITS жүйесіне қосылып, 31 жаңа бағдаршам орнатылады.
Аудандар бойынша жұмыстар да жалғасуда. Қаратау ауданында биыл 174 көшеге асфальт төсеу жоспарланған, қазіргі уақытта 164 көшеге асфальт төселіп, 13 көшеге жаяу жүргіншілер жолы және 12 көшеге ирригациялық арық орнатылды. Қалған 10 көшеге асфальт төсеу және тротуар салу жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Абай ауданында бірнеше шағынаудандардың көшелеріне толық асфальт төселді. Қазіргі уақытта Нұршуақ және Қайнарбұлақ тұрғын алабында жол жөндеу жұмысы жалғасып, мамандар жоспарға сәйкес жолдардың негізін дайындап, асфальт төсеуді кезең-кезеңімен жүзеге асыруда.
Қалада экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындарға жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған жобалар да белсенді түрде жүзеге асырылуда. Соның ішінде Қошқар ата өзенін абаттандыру жұмыстары ерекше назарға алынған. Алдағы уақытқа өзен жағасын толыққанды демалыс аймағына айналдырып, жаяу жүргіншілерге ыңғайлы инфрақұрылым жасау жоспарланған.
Бүгінде өзен бойына жаяу жүргіншілер жолы салынған. Болашақта 139 орындық орнатылып, энергия үнемдейтін 360 шам қойылады. Жобаның маңызды бөлігі – өзеннің екі жағын байланыстыратын 8 жаяу жүргінші көпірін салу болып отыр, ал қазір оның үшеуі пайдалануға берілді. Жалпы, 70 жарық шамы орнатылып, инфрақұрылым біртіндеп толыққанды қалалық кеңістікке айналып келеді.
Абай ауданындағы бірнеше шағынаудандарда жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы толық жаңартылды. 50 көшеге жалпы ұзындығы 44 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды. Жол белгілері мен жарықтандыру жүйелері жаңартылып, жол бойы абаттандырылды. Тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы жүріп-тұруы қамтамасыз етіліп, жол қозғалысы реттелді.
Қызылжар-2 шағынауданында инженерлік инфрақұрылым тапшылығы мәселесі шешімін тапты. Тұрғындар бірнеше жылдан бері ауыз су, электр жарығы, табиғи газ мәселесін көтеріп келген еді. Биыл қала әкімінің тапсырмасымен ауданның инфрақұрылымы жаңартылды. Нәтижесінде 265 үй тұрақты ауыз сумен және электр қуатымен, табиғи газ құбыры қамтамасыз етілді. Жаңартылған инженерлік желілер тұрғындардың өмір сүру жайлылығы мен қауіпсіздігін айтарлықтай арттырды, өрт қауіпсіздігі, санитарлық жағдай және энергия тұрақтылығы жаңа деңгейге көтерілді. Жобаның екінші кезеңі жүзеге асқанда Қызылжар-2 толық дамыған инженерлік инфрақұрылымға ие аумаққа айналады деп күтілуде.
Шымкент қаласындағы инфрақұрылымдық жаңарту жұмыстары мегаполистің даму стратегиясын айқын көрсетеді. Жолдар мен инженерлік желілерді жаңарту тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетіп, көлік қозғалысының тиімділігін арттырады, жол апаттарының санын азайтады және экологиялық ахуалды жақсартады. Қоғамдық кеңістікті абаттандыру жобалары әлеуметтік өмір сапасын көтеріп, тұрғындарға демалыс пен рекреацияға қол жеткізу мүмкіндігін береді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Шымкент заманауи, қауіпсіз және тұрақты дамып келе жатқан мегаполис ретінде қалыптасуда, ал олардың тиімділігі қала дамуының тұрақты динамикасын сақтап отырады.