Карантин даяшылар мен жүк тиеушілерге, сатушыларға ауыр зардабын тигізуі мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Үкімет 5 шілдеден бастап тағы 2 апталық карантин енгізуді ұсынды

Коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанда екі айдан астам уақытқа созылған карантин еңбек нарығын айтарлықтай әлсіретіп тастады. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы шектеулер алынғаннан кейін жұмыс орындары қайта ашылып жатқанын айтты. Десе де, кейбір мамандық иелері карантиннің ауыр зардабын тартуы мүмкін.

Аталған орталық «COVID-19 пандемиясы аясында Қазақстан Республикасының еңбек нарығы» атты кезекті талдамалық шолуын дайындады. Орталық сарапшылары зерттеу барысында маңызды тұжырымдар жасаған.

«Мәселен, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Электрондық еңбек биржасында түйіндемелер мен бос орындар саны төтенше жағдайдың салдарынан 35%-дан 23%-ға төмендеді. Алайда, мамыр айында Төтенше жағдай режимі мен қатаң карантин тоқтатылған кезде түйіндеме саны да, бос орындар саны да белсенді қалпына келе бастады», - дейді орталық сарапшылары.

Олардың айтуынша, ең көп жұмыс орындары құрылыс саласында ашылып жатыр екен. Бос орындар өсімі қаңтар-мамыр айларында 8%-дан 43%-ға дейін өскен. Бұл бір жағынан карантиннің аяқталуымен абйланысты болса, екінші жағынан маусымдық жұмыстардың жандануынан дейді мамандар.

Төтенше жағдай аяқталғаннан кейін ең көп бос жұмыс орны Алматы мен Нұр-Сұлтанда және Қостанай облысында құрылған. Ал, ең көп түйіндеме, яғни жұмыс іздеушілер Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында.

«Даяшылар, жүк тиеушілер, тазалаушылар, сатушылар, ас үй қызметкерлері және біліктілігі төмен және тұрақсыз жұмыс істейтін қызметкерлер карантиннен кейін зардап шегуі мүмкін. Салалар бөлінісінде COVID-19 пандемиясы соңғы жылдары экономикада маңыздылығы артқан «қызмет көрсету» саласына ең ауыр соққы жасады», - делінген Еңбек ресурстарын дамыту орталығы әзірлеген зерттеуде.

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми деректеріне сәйкес, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында, яғни пандемия басталғанға дейін Қазақстандағы жұмыссыздар саны 442 мың адамды құраған.